Астана халықаралық форумы – таптырмас диалог алаңы

Ертең елордада Астана халықаралық форумы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынға әлем елдерінен келген 400-ге жуық мәртебелі мейман қатысады. Жиналған қауым жік-жікке бөлінген жаһанды ынтымақтастыққа шақыруға тырыспақ. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған түйткілдер сөз болады.

Сыртқы саясат, қауіпсіздік һәм тұрақтылық. Мүйізі қарағайдай мықтылар бас қосқан халықаралық форумда негізінен осы тақырыптарға басымдық беріледі. Сарапшылардың айтуынша, жиын – халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің және ғалымдардың диалогы үшін таптырмас алаң.

Ринат Бектұров, АХҚО басшысы:

- Бұл – жаңа алаң. Бұның деңгейі басқа деп ойлаймын. Біз тек қана экономикалық мәселелер емес, көптеген бүгінгі таңда ғаламшарды, соның ішінде Қазақстанды мазалап отырған сын-сұрақтарды талқылаймыз.

Алқалы жиынға 40-тан астам елден 400-ге жуық делегат келеді. Олардың қатарында мемлекет басшыларынан бастап, алпауыт компаниялардың жетекшілеріне дейін бар. Әлемді аузына қаратқан белді ғалымдар да қатысады.

Соның бірі – Нобель сыйлығының иегері Рае Квон Чунг. Ол форумда бірнеше баяндама жасамақ. Профессор климаттық дағдарыс кезінде экономиканы өркендету мен жұмыс орындарын құру туралы айтады.

Рае Квон Чунг, Нобель сыйлығының лауреаты:

- Әлемде болып жатқан геосаяси оқиғалар Қазақстанға да әсер етеді. Жаһандық сауда, дипломатиялық және халықаралық қатынастар күрделеніп барады. Астана халықаралық форумы Қазақстанға осы мәселелерді шешудің болашақтағы іс-қимыл бағытын әзірлеуге өте маңызды мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Астана Халықаралық форумында сессиялардың басым бөлігі экология тақырыбына арналады. Жер жаһаннан жиналған сарапшылар тың жаңалықтарымен бөлісіп, ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Мәселен, Қазақстандағы баламалы энергетика аукциондарының жаңа түрін жоғары бағалап отырғандар көп.

Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі:

Жасыл экономикаға көшу әлемді апаттан құтқарады. Соңғы зерттеулерде көміртегіден бас тартуға құйылған инвестиция, кеткен шығыннан 8 есе көп табыс табуға мүмкіндік беретіні дәлелденді. Демек бұл – тек экологиялық саналы таңдау емес, экономиканы да пайдаға кеңелетін саналы шешім. Қазір БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда жасыл қаржыландыруға бағытталған инновациялық шешімдерді сынақтан өткізіп жатыр. Соның бірі – баламалы энергетика нысандарына арналған аукционның жаңа түрі. Бұл формат Түркістандағы бір ғана күн электр станциясы үшін 50 миллион долларға дейін тікелей шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік берді.

Қалың қараша 2 күн болатын форумдағы маңызды ақпараттарды арнамыздың тікелей эфирінен көре алады. Ертеңнен бастап әріптестеріміз сағат сайын жиыннан жан-жақты мәлімет таратып, белді спикерлермен сұхбат болады.

Авторы: Бекзат Аманов.