Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 10% өсті

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2023-ші жылдың бірінші тоқсанында 10 пайызға өсті.

Бұл туралы еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен екеуара кездесуде мәлімдеді. Басқосу Сочидегі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының аясында өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен өндіріс саласы, көлік дәліздері, логистикалық инфрақұрылымды дамыту жолдарын талқылады. Энергетика, білім және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қарастырды. Қос ел кәсіпорындары жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға дайын. Бұл бойынша құны 9 миллиард доллар болатын 29 жобаны іске қосу көзделіп отыр. Сочиде Әлихан Смайылов Куба Премьер-министрі Марреро Круспен кездесті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Соңғы 17 жылда Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция 20 миллиард долларға жетті. Ал Қазақстанның Ресейге инвестициясы 6 миллиард доллардан асады. Мұндай көрсеткішке өндірістік ынтымақтастық арқасында қол жеткізілді. Жалпы бізде өнеркәсіп саласында құны 22 миллиард доллардан асатын 100-ден аса бірлескен жоба бар. Жыл сайын ондаған жобаға қосылады. Бұл өте қуантарлық жайт.