Ақмола облысында орманды алқаптар тексерілді

Биылдыққа Ақмола облысында 31 орман және дала өрті болып, 191 гектар алқапты жалын шарпыған.

Қазір өңірдегі 23 орман алқабында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді. Арнайы  тексеріс жүргізіп, жұмысқа салғырт қараған 6 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дегенмен, адамдардың салғырттығынан ормандар құрып барады дейді мамандар. Бір тәуірі, Бурабайда смарт-жүйе енгізгеннен кейін,  өрт оқиғасы 4 есеге азайған. Соңғы екі жылда курорттық аймақтағы өрт шарпыған аумақ 20, шығын көлемі 14 есе қысқарды.  Енді мұндай жүйені басқа да орман алқаптарына орнату жоспарда бар. Яғни бейнебақылау камерасы мен дабыл қағатын құралдар көбейтіледі.  

Абзал Құсайынов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:

Ақмола облысының аумағындағы орман қорының басым бөлігі авиа патрульмен бақыланады. Қазіргі уақытта аймақта 3 авиа бөлімі жұмыс істейді. Олар орман өртінің алдын-алу мақсатында үлкен қызмет атқаруда. Сондай-ақ, өңірдегі орман алқаптарында бейнебақылау камераларын көбейтуді көздеп отырмыз.