Маңғыстаудағы ұңғыма алты күн бойы өртеніп жатыр

Маңғыстау облысы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы мұнай ұңғымасының жанып жатқанына алты күн өтті.

Техногендік апат жөндеу жұмыстары кезінде  ұңғымадағы газ бен сұйықты тығыздаушы жабдықтың герметизациялануынан туындады. Мамандар осылай дейді. Газды ауаның ұзақ атқылануынан аумақта диаметрі 12-15 метр болатын терең шұңқырлар пайда болған. Соның салдарынан апат орнына, өрт сөндіру құралдарын жақындату мүмкін болмай тұр. Қазір ол жерде 33 арнайы техника мен 90 адам кезекшілікте тұр. 9 маусымнан бері толастамаған өртті сөндіру мәселесі облыс әкімдігіндегі шұғыл жиында талқыланды.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

-Қалай болғанда мұны қалыпты жағдай деп айту қисынсыз. Өрт қарапайым қауіпсіздік шаралары сақталмауынан болуы да әбден мүмкін. Мұнай ұңғымасына түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтап, апаттың бетін қайтару үшін іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеу қажет. Жұмыс жобасын жан-жақты зерделеп, құзыретті мамандар бірауыздан мақұлдауы тиіс. Оны әзірлеуге барлық мердігер ұйымдар мен жауапты мамандар бірдей атсалысуға міндетті.