Ақтөбе облысында ауылдар арасындағы жолдар жөнделіп жатыр

Ақтөбе өңірінде 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенге қатынас мәселесі толығымен шешілуі тиіс.

Жергілікті биліктің жоспары осындай. Қазір ауыл арасындағы жолдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Облыста аудандық маңызы бар бағыттарға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен Мұғалжар ауданының өзінде 4 бірдей жоба қолға алынды. Соның аясында көтерме жолдарға асфальт төселеді.

Аудан орталығынан 60 шақырым жердегі Қаракөл ауылы тұрғындары үшін жол бейнеті ықылым заманнан бері таныс мәселе. Әсіресе Жұрын станциясына дейінгі 30 шақырым жүрген жанды әбден титықтап, жазда көк шаңнФан көз аштырмайтын. Қыстың бораны мен көктем-күздегі жаңбырлы маусымда қатынас тіптен қиын. Көліктер екі ортада қалып, жаяу жетіп жүрген кездер де аз болмаған. 

Дүйсенбі Тәженов, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Қыстың ішінде ауылымыздың бір баласы соқыршек болып, күн боран, жол жоқ, азапты көріп, содан өзіміз болып үш УАЗ-ды шығардық. Ит әлекпенен үшеуі үш жерде қалып, ақыр аяғында МЧС-пенен хабарлап. Сондай қиын жағдайлар болды енді. Алла сақтап енді баламыз аман. Халыққа жақсы ғой жол болғасын. Арақатынас деген жақсарады деген сөз. 

Тұрғындардың асыға күткен жаңалығы биыл жүзеге асып жатыр. Құрылысшылар қыркүйектің аяғына дейін, яғни, күзгі жауын-шашын басталғанша асфальті төселген жаңа жолды қолданысқа береміз деп отыр. Бұл аудан орталығына дейінгі қатынасты қалыпқа келтіріп қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалына да жаңа дем бермек. 

Руслан Бисембин, Қ.Жұбанов ауылдық округінің  әкімі:

- Алдағы уақытта туризмді дамыту бойынша ұсыныстар бар кәсіпкерлерден. Енді жол салынып жатса кәсіпкерлер туристтерді тартып ауылға қарайды. Ауылдың мәртебесі өсіп қалады деп ойлаймыз. 

Жалпы Мұғалжар ауданында Жұрын мен Қаракөл арасындағы жолдан бөлек 55 шақырым ауыл аралық бағыттар жаңартылып жатыр. Нәтижесінде оннан астам елді-мекен халқы жол азабынан арылады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен үш жарым млрд теңге қаржы бөлінген. 

Талғат Қойшекенов, аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Енді биылғы жылы 85 км жол жөнделген кезде біз 60 пайыз төңірегіне шығамыз. Енді 2025 жылдың аяғына дейін сол аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізіп, қанағаттанарлық жағдайға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. 

Бұдан бөлек өңірде қазір республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау бағытындағы күре жол да жөнделіп жатыр. Оның 67 шақырымы осы Мұғалжар ауданына тиесілі. Жоба жыл соңына дейін тәмам болып, 4 жолақты автомагистраль қолданысқа берілуі тиіс.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков