Хирургтен бастап мейірбикеге дейін: Атырауда ақхалаттылар отбасы тұрады

Атыраулық Шанаевтардың отбасы – шағын медициналық орталық деуге болады.

Ақхалатты абзал жандардың шаңырағынан медицинаның қай саласы бойынша да маман бар. Хирург, офтоломологтан бастап мейірбикеге дейін осы отбасынан табасыз.

Дәурен Шанаев облыстық ауруханада 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өңірге белгілі хирург әке жолын жалғап, осы салаға бет бұрған. Басы ауырып, балтыры сыздап келген әр науқастың дертіне дауа іздеп, көптің алғысына бөленген дәрігердің балалары да медицина саласына қызығады.

Дәурен Шанаев, хирург:

- Өзімнің 3 ұлым бар. Үлкен ұлым стомотолог болам дейді. Ортаншы ұлым папа сияқты дәрігер-хирург болам дейді. Ал кіші ұлым әлі кішкентай. Барша әріптестерімді төл мерекемізбен құтықтаймын. Өздеріңіз де денсаулықтарыңызды ұмытпай, денсаулықтарыңызды сақтап жүріңіздер. Құрметті әріптестер, мереке құтты болсын!

Дәуреннің әкесі Толағай Шанаев – қазір зейнеттегі офтолмолог. 1977 жылы оқуын тәмамдап келген жас маман алғаш аудандық ауруханада жұмыс істеді. Тәжірибесін шыңдап, кейін облыстық ауруханада еңбек еткен білікті дәрігердің өмірлік серігі де – осы саланың майталман маманы. Ата-ана жолын жалғаған балаларына үнемі ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.

Толағай Шанаев, зейнеткер:

- Дәрігерлік мамандықты ұнатуың керек. Сонда ғана ол адамнан жақсы дәрігер шығады. Ол оқып келіп, білімдімін деуге болмайды, айтады ғой, бойында дәрігерлік қасиеті, адамды жақсы көру сияқты қасиеттері болуы керек.

Шанаевтардың шаңырағында медицинаның әр саласы бойынша білікті маман бар. Әулеттің үлкені Толағай Зейнетұлының інісі Анатолий де 40 жылдай еңбек еткен білікті гинеколог. Ал ортаншы қызы фармацевтиканың білгірі.

Анатолий Шанаев, гинеколог:

- Басқа облыстарға, Алматы, Астана барып оқып, білімімізді жетілдірдік. Қазанға бардым, Қазанда оқыдым. Астанада оқыдым, Алматыда оқыдым. Білім жетілдіріп, 40 жылдай еңбек еттік. Еңбегіміз зая кетпеді деп ойлаймын.

Данагүл Шанаева, облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бас маманы:

- Қазір мамандықтар көп қой. Көбі қазір жеңіл мамандықтарды таңдайды. Көп қиналғылары келмейді. Бірақ әр еңбектің артында үлкен жетістік жатыр ғой. Медцинаға өзіміз бағыттаймыз, ата-атамыз медцина бітіргесін, сол мамандықты көріп, өзіміз білгесін қазір қиын емес. Оған қоса жолдасым да дәрігер болғасын.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілді ұстанған Шанаевтар әулеті көпке үлгі. Әр науқастың жанын түсінуге тырысатын жүрегі кең жандардың шаңырағынан әлі талай дәрігер шығатыны сөзсіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.