Созақ ауданында облыстық маңызы бар күре жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр

Түркістан облысының Созақ ауданында облыстық маңызы бар 152 шақырымдық күре жол орташа жөндеуден өтуде.

«Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы тас жолдың құрылысы былтыр басталған. Созақ ауданын кесіп өтіп, Жамбыл облысымен шектесетін автомобиль жолы қашан толық аяқталады?

Соңғы рет осыдан ширек ғасыр бұрын асфальт жабындысы төселген облыстық маңызы бар күре жол әбден тозған. Шұрық тесік жолмен жүруден көлік жүргізушілері де әбден зәре-зап болған. Себебі жүріс өнбейді. Тез жүруге көлік шыдамайды. Амал жоқ, өгіз аяңмен амалдауға тура келеді. Әсіресе қыстың күндері қиын, жол көлік оқиғаларының да жиі болғанын айтады.

Сержан Берікбаев, жүргізуші:

- Бұрынғы кезде нашар болған. Қолайсыз жағдайлар көп болатын бізде. Қазір жақсы, жолдың жартысынан көбін жасап қойды. Аудан орталығына қатынауда қазір тиімді, ыңғайлы.

«КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы автомобиль жолының ұзындығы 152 шақырым. Қазір Шолаққорғаннан Созақ бағытындағы 83 шақырым жол орташа жөндеуден өтіп жатыр. Оның 33 шақырымы биыл пайдалануға беріледі.  

Шерзат Сүттібаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрі қарай қалған учаскеде 52 шақырым түгелдей бір жабын асфальтпен жауып шығатын боламыз. Оларда қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес ол жұмыстарды біз қыркүйек айында аяқтаймыз. Шолаққорғаннан бастап, Жамбыл облысының шекарасы Құмкентке дейінгі 39 шақырым орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Биыл жалғасын табатын болады. Шамамен 10 шақырым асфальт жабындысын төсейтін боламыз. 

Мамандардың айтуынша, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Нысандар 2024 жылға өтпелі. Аталған жолдар толық аяқталғанда аудандағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 90 пайызға жетпек.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш