ҰҚК құпия қызметін көрсетті

Халық көп жиналатын орындардың бірінде террорлық акті бола жаздады.

Қаскөй қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жармақ болған. Абырой болғанда, ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы қызметі лаңкестік әрекеттің алдын алды. 19 адам қамалды.

Биылғы төрт айда Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан 8 қылмыстық топты құрықтап, қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цехты жойды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Ең сорақысы халық көп жиналатын орындардың бірінде террорлық акті бола жаздады. Бірақ, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері лаңкестік әрекетті дер кезінде тоқтатты. 19 адам қамауға алынды. Мұндай қиын операцияларды комитеттің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі өткізеді. 13 шілде – елде Ұлттық қауіпсіздік органы құрылған күн. Кәсіби мереке қарсаңында біз комитеттің құпия бөлімшесі дайындалатын полигонға бардық. Шын оқпен қару аттық. Орган өкілдері бұл жерге журналистер бұрын-соңды келмегенін атап өтті. Шынымен, полигонды көпшілік біле бермейді. Жігіттер тасада дайындалады.

Қорған Қонысбайұлы:

- ҰҚК «А» арнаулы мақсаттағы қызметі елдегі элиталы бөлімше саналады. Мұндағы жауынгерлер тек аса күрделі және қауіпті операцияларға қатысады. Айталық, терористі ұстау, террорлық әрекеттің алдын алу осы жігіттердің мойнында.

Түйіндемемен қабылданбайтын бір қызмет болса, ол осы «А» арнаулы мақсаттағы бөлімше. Бұл жерге 23-тен 29 жасқа дейінгі жігіттер арнайы шақырумен ғана келе алады. Үміткер Қазақстан азаматы болуы керек. Одан соң әскер қатарында борышын өтеуі немесе әскери оқу орнын тәмамдауы шарт. Ал тексерістің өзі бірнеше деңгейден тұрады. 10 жігіттің арасынан біреуі ғана өтуі мүмкін. Бұл «А» арнаулы мақсаттағы қызметке мықтының мықтысы ғана қабылданады деген сөз.

ҚР ҰҚК "А" арнаулы мақсаттағы қызметінің офицері:

- Физикалық деңгейі өте жоғары болу керек. Жоғары білім болу керек. Кем дегенде бойы қанша болу керек? Кем дегенде бойы 180-185, одан жоғары. Психологиялық талаптары жоғары деңгейде болу керек қой. Біз арнайы операцияларға қатысамыз. Соларға стрессоустойчивый дейді ғой, сондай болу керек қой.

Арнаулы мақсаттағы қызметтің жылдық жоспары бар. Соған сәйкес дайындық далалық және қалалық жерде өткізіледі. Атын атап, жүзін көрсетпейтін жігіттер жолындағысын жайпап өтетін күшке ие. Кәсіби һәм жоғары деңгейде операция жүргізуге мүмкіндіктері бар.

ҚР ҰҚК "А" арнаулы мақсаттағы қызметінің офицері:

- Мысалы автокөлік бар, автобус бар, самолет бар, пойыз бар, соның бәрін отрабатовать етеміз ғой. Біздің қызметтің жауынгерлері әрдайым дайын. Қарулары сақадай сай, дайын болып тұру керек, арнайы операцияларға қатысу үшін.

ҚР ҰҚК "А" арнаулы мақсаттағы қызметінің офицері:

- Бір жылдың шамамен 8 айында жаттығу жиындарында, дайындықта жүреміз. Қызметіміз аса жауапты әрі күрделі болған соң шеберлігімізді әрдайым шыңдап тұру керек. Тек физикалық тұрғыда емес, техникалық жағынан да жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенбіз. Бізге жаңа үлгідегі қару-жарақтар мен өзге де жабдықтар берілген. Оның ішінде дыбыссыз ататын қарулар бар. Үстімізде заманауи бронды желет. Уақыт талғамаймыз. Операцияны түнде де жүргізе береміз.

Физикалық дайындық жеткіліксіз. «А» арнаулы мақсаттағы бөлімшеге қабылдану үшін ақыл-айла керек. Себебі, мына көліктер оңайлықпен басқарылмайды. Оның үстіне бұл тек түсірілім үшін ғана шығарылғаны. Әйтпесе мыналардан да қуаттысы әрі зоры бар.

Қорған Қонысбайұлы:

- Бұл брондалған арнайы техника. Барлық атыс қаруы мен гранатаға төтеп бере алады. 300 аттың күші бар. Қатты жылдамдықпен келе жатып та ата беруге болады. Негізінен қала ішінде операция жүргізуге арналған.

Біз полигонда 4 сағаттай болдық. Аз уақытта құпия қызметтің қаншалықты күрделі екенін сезіндік. Жүзін жасырған жауынгерлер камераға икемделмейді. Күнделікті жаттығуын жасай береді. Тек соған ілесе білу керек. Яғни бір сәтке де босаңсу жоқ. Талап сондай. Әркез бес қаруың сай, шеберлігің жоғары болуға тиіс. Рухы өр жігіттер Отанның амандығы, жұрттың тыныштығы үшін бәріне де дайын. Қажет болса, жанын береді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Оразғалиұлы, Тоқтар Терлікбаев