«Балалар кітапханасы» жобасы балалар әдебиетінің дамуына серпін береді

Президенттің Құрылтайда көтерген бастамасы жазушыларды шабыттандырып отыр.

Бұл кенжелеп қалған жанрды жаңа деңгейге шығарып, руханиятымызды түлетері анық. Балалар жазушысы Олжас Қасым бағдарламада саладағы қазіргі бірқатар мәселер ескерілсе дейді. Оның пікірінше, автор, баспахана және иллюстратор арасында ортақ байланыс жоқ. Жазушы «бұл іске балалардың психологиясын түсінетін қаламгерлерді тартып, қазіргі буынның танымы мен ой-өрісіне сай шығармалар басып шығарылса» дейді.

Олжас Қасым, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

- Бұрынғы аға буын жазған кітаптар қазіргі балалардың танымына олардың ойлау жүйесіне сәйкес келе бермейді. Ескіріп кетті деп айтуға болады. Автор, сосын иллюстратор, баспа үшеуінің арасында ортақ байланыс жоқ. Осыны жолға қою керек. Бізде иллюстраторлар өте қомақты қаржы сұрайды. Сондықтан бұл жазушылардың кесе көлденең қойылып тұрған өткір проблемалардың бірі болып тұр.