Қазақстанда енді премиум санаттағы Hongqi бренді сатылады

Қытайлық премиум санаттағы Hongqi бренді енді Қазақстанда да сатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су жаңа модельдер шілдеден бастап ұсынылады. Елдегі ресми өкіл Allur компаниясының айтуынша, 65 жылдық тарихы бар бренд отандастарымыздың көңілінен шығады.

Hongqi бренді – China FAW Group компаниясының премиум және люкс санаттағы көліктері. 65 жыл бұрын конвейрге түскен марка әлі күнге дейін танмалдылыққа ие. Бренд дәстүрлі шығыс және әлемдік мәдениеттің тектілігі, талғампаздығына баса назар аудартады. Көліктер заманауи технологиямен жабдықталған және сапасы әлемдік стандартқа сай екен. Оған қоса Hongqi Қостанайдағы Allur зауытында құрастырылып, еліміз бұл брендтің алғашқы өндірістік серіктесі аталмақ.

Иван Стремаус, Hongqi дилерлік желісінің директоры:

- Осы брендтің мақтанышы – E-HS9 электрлі жол талғамайтын көлік. Өйткені автомобиль компанияның озық технологиялар көрсеткіші саналады. Көлік толық жетекті, 551 ат күші бар электрлі қозғалтқышпен жабдықталған. Алғашқы 100 шақырым жылдамдыққа 4 секундта жетеді және толық қуатпен 500 шақырымнан аса жүреді.

Бұл бренд бұрын тек мемлекет басшыларына, жоғары лауазымды қызметкер мен дипломаттарға арналған. Бүгінде Hongqi бренді әлемнің 13 елінде ресми сатылады және сұранысы жоғары екен. Дегенмен әлі де ашық сатылымға шықапаған көліктері бар.

Алтынбек Бисенов, Allur компаниясы маркетинг департаментінің директоры:

- Қазақстан нарығында 4 түрлі үлгі ұсынылады. Олар люкс санаттағы Н9 седаны, премиум санаттағы Н5 көлігі, толық электрлі E-HS9 жол талғамайтын және HS9 деп аталатын кроссовер сатылады.

Мысалы, E-HS9 электрлі көлігі – A' Design Awards 2023 премиясының жүлдегері. Жалпы биылғы жылдың бірінші тоқсанында қытай әлемдік көлік экспорты бойынша көш бастады. Бұл қытайлық көліктердің сапалы әрі қолжетімді екенін көрсетеді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев.