Павлодарда жазғы демалысқа шыққан оқушылар домбыра үйірмесіне жазылып жатыр

Қазақ саз аспабының бірегейі – құдіретті қара домбыраның тарихы тереңде жатыр.

Шанағынан сыр ақтарған домбыра тіліне өскелең ұрпақ тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгінде домбыра сыныптары Павлодардың барлық мектебінде ашылған. Ұлтымыздың төл аспабы жастардың рухын көтеріп, халқымыздың мәдениеті мен тарихын бойына сіңіруге қызмет етеді.

Қазір – балалардың жазғы демалысқа шыққан кезі. Бірақ Оқушылар сарайының жанындағы домбыра сыныптарында үйірмелер істеп тұр. Домбыра сабағына үзбей келетіндердің бірі – Артём Ганиев.   

Артём Ганиев, жас домбырашы:

- Мен «Еркем-ай» күйін білемін. Қазір «Балбырауын» мен «Жастар биін» үйреніп жатырмын. Маған домбыра аспабы өте ұнайды. Оның сазды үнін жақсы көремін. Қазақтың ұлттық аспабын үйренуде анам қолдау көрсетеді. Мен үйренген күйлерімді ұмытып қалмас үшін күнде кешке қайталаймын.

«Еркем-ай» тобы балаларды дәстүрлі әншілік өнерге де баулиды. Үйірмеге  жетекшілік ететін Батырбек Сәрсебековтің айтуынша, домбыра ұлттық  колоритті қалыптастырады. 

Батырбек Сәрсебеков, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

- Домбыраны естіген кезде ол генетикалық ар жағында жатқан бір дүние бар, мысалы, ата-бабамыз сол домбыраны естіп ойнады, ол сол генетиканың әсерімен өзінің рухани, өзінің бір қазақи бір колориті ояна ма деп ойлаймын. Шамамыз жеткенше күйді түсіндіруге тырысамыз. 

Оқушылар сарайының алдында қарбалас. Домбыра күніне дайындық қызу. Жас жеткіншектерден құрылған оркестр ұжымы өз өнерін паш етеді.  

Аружан Ертісбаева, жас домбырашы:

- Мен домбырада ойнап жүргеніме 1 жыл болды. Домбыра – ол қазақтың ұлттық аспабы. Осы Домбыра күніне топпен «Балбырауын» күйін ойнап береміз.

Балалар шығармашылығын дамыту орталығында 3 бірдей домбыра сыныбы ашылған. 3 жыл бұрын жұмысын бастаған үйірмеге бүгін 150 бала барады. 

Әсем Айыпова, әдіскер:

- Балалардың қызығушылықтары өте жоғары деп айтуға болады бұл күнге және домбыраны үйренуге балалар өте көп келеді. Тағы да айта кетейін дегенім, оқушылар, мысалы басқа ұлт өкілдері де біздің қасиетті  домбыраға қызығушылықтарын білдіріп, ата-аналарымен бірге келіп, осы домбыра үйірмесіне жазылып жатыр. 

Домбыра ертеде киіз үйдің керегесінде ілініп тұрған. Ал күйші әр шаңырақтың құрметті қонағы болған. Ал біздің заманымызда көне аспап ұлттық құндылықтарды дәріптеуде таптырмас құралға айналды деуге толық негіз бар. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.