БҚО-да киіктен зардап шеккен шаруаларға көмек керек

Батыс Қазақстан облысында киіктен зардап шеккен оңтүстік аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

Өйткені биылғы шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған, азын-шоғын шыққанын киік тапап кеткен. Енді шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей дал.

Бөкей Ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны Мырзабай Боранбаевтың құм Нарынның етегіне егін салғанына биыл 3 жыл. Мал тұяғы тоздырып, тек изен мен жусан қалған жерді электро бақташымен қоршапты. Ішіне күздік қара бидай, арпамен қатар, түйежоңышқа, эспарцет, судан шөбін егіпті. Осы алақандай жерден мыңдаған малға керекті жем-шөпті орып алам деген ойы болған. Алайда қаптаған киік тыным берер емес. Күні-түні мотоциклмен, машинамен бағып жүргеннің өзінде  жабайы жануарлар ордан орғып, сымнан секіріп, егісті отап жатыр.

Мырзабай Боранбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Киік мәселесі өте көп мәселе туғызып тұр. Кеше агрономдармен есептеп қарағанда 15-тен берейін деп тұрған егін киік өткесін 5-тен алсақ жақсы деп отырмыз. Қатты зардабын шегіп жатырмыз. Біреу келіп шығыныңды өтемейді. Соған бір көмек қаржы бөле ме үкімет, сондай үмітпен қараймыз. Бірақ ол қаншалықты шешілетін мәселе екенін білмейміз.

Қазір өңір шаруалары шабындыққа шалғы салды. Алайда шөптің шығымы нашар. «Қос трактормен таңнан кешке дейін шапқанда 15 рулон ғана түсіп тұр», - дейді бөкейордалық Жасұлан Шәкіров.

Жасұлан Шәкіров, механизатор:

- Былтырғыдан да аз. Өнім жоқ, осы ғой. Бар жерді тырмалап жатырмыз. Өнім жоқ, өнім нашар. Мынау былтыр шабылмай қалған жер, сонда түсіп жатқаны мынау.

Казталов, Жәнібек аудандарында да жағдай мәз емес. Арнайы құрылған комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеуде.

Бауыржан Сабанов, Жәнібек аудандық комиссия мүшесі:

- Қазір 3-4 ауылда шөп жоқ.  Осыған байланысты біздер қазір үкіметтен шығындарын өтеуге, егер шөпті тасымалдайтын болсақ басқа аудандардан, соның тасымалдауына байланысты шығындарын өтеуін облыстық бюджеттен көмек ұсыныс ретінде сұрап жатырмыз.

Алайда киіктен келген шығынды өтеу тетіктері еш заңда жазылмаған. Бірқатар облыстардағыдай әр аналық басқа 30 мың теңгеден субсидия төлейін десе, оған облыстық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Күні кеше Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары Ауылшаруашылық министрімен кездесіп, осы мәселені көтеріпті.

Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:

- Біздің көтерген мәселеміз министрге биылғы жағдайдан қалай шығамыз? Субсидиялауға қазіргі есебімізбен есептегенде 10 млрдтай ақша керек. Қыстан шығу үщін, мал азығын сатып алуға көмек ретінде 10 млрдтай ақша керек. Ол ақша облыста бізде жоқ. Министрдің ұсынған жолдары киіктен залал келген аудандарға, ауылдарға төтенше жағдай жариялау. ТЖ арқылы тез болады деп, ұсынысы - сол.

«Дегенмен мұның бәрі тығырықтан шығар уақытша жол», - дейді депутат. Шұғыл түрде киік санын шектемесе, келешекте шабындық түгілі жайылым жер болмауы мүмкін. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салды. Диқандар егін ексе қып-қызыл шығынға батады, екпесе пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады.

Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:

- Экология министрімен сөйлестік. Біздің айтып отырғанымыз бүгінгі күні млн жарым киік болса, төлімен қосқанда 2 млн жарымға барып отыр. Ол келесі жылы 3 млн жарымға барады. Содан кейін 5 млнға барады. Сонда біз қалай жасаймыз. Сонда батыста біз әлде мүлде шаруаны қою керекпіз? Киік өсіру керек тек қана? Бірақ нақты жауап жоқ.

Қазір облыс басшылығы киіктен зардап шеккен шаруаларға көмектесудің жолдарын іздестіруде.

Авторлары: Е. Жылқайдарүлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов