Өскемендегі жылу мекемесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Өскемендегі «Согра жылу электр орталығы» тарифтің өз уақытында бекітілмеуінен 720 миллион теңге шығынға ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда соған қарамастан қысқы маусымға дайындықты бір күнге де тоқтатқан жоқ. Бұл туралы мекеме басшысы станцияның жағдайымен танысуға келген Мәжіліс депутаттарына айтты. Жылу мекемесінде түйткілді мәселелер шаш етектен. Кадр жетіспеушілігі өзекті. Сондықтан кейбір жағдайда жұмысшыларды еңбек демалысынан шақыртып алуға мәжбүрміз, - дейді. Құрал-жабдықтардың 63% тозған. Дәл қазір турбогенераторларға қажетті жез түтікшелері тапшы. Оны бұрын Ресейден әкелсе, енді ол жақтағылар бұндай қызметтен бас тартқан. Ал өзіміздің Балқаштағы зауыт тапсырысты орындауға асығар емес. Дегенмен жылу мекемесінің басшылығы қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып жатыр. Басты мақсат – алдағы жылу маусымын апатсыз өткеру.

Николай Арсютин,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізге берілген мәліметтер бойынша, осы Согра жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының 60% біткен. Сондықтан биылғы қысты жақсы өткереді деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – осындай маңызды мекемелердегі дайындықты өз көзімізбен көру. Жұмысшылармен жүздесіп, ішкі мәселені білу.

Ғалым Жаңбыршы, «Согра жылу электр орталығының» техникалық директоры:

- Бірінші қазандықты біз межелеген кестеге сай өз уақытында жөндеп бітірдік. Қазір барлық құрал жабдықтарды әзірлеп үшіншісіне кірісіп жатырмыз. Кейбір жұмыстар ретін қысқартуға тура келді, дегенмен осы жасалатын шаруалардың өзі станцияның жылу маусымында үздіксіз қызмет етуіне мүмкіндік береді.