Павлодарда қаңғыбас ит-мысықтарға арналған орталық салына бастады

Мемлекет иелігінде болатын нысанның құрылысына 300 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үй жануарларын уақытша ұстауға арналған орын көше кезген ит-мысықтардың мәселесін шешуге сеп бола ма?

Қазір өңірде қаңғыбас жануарларға арналған 4 орталық жұмыс істейді. Әр панажайда 200-ге жуық ит-мысық бар. Иесіз үй жануарлары жанашыр жандардың қамқорлығында. Мысалы, бұл оңалту орталығы демеушілер көмегімен ашылды. Жануарларды үкіметтік емес ұйым өкілдері емдеп тамақтандырады. 

Мария Гребёнкина, қаңғыбас жануарларға арналған оңалту орталығының жетекшісі:

- «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңы күшіне еніп, оң өзгерістер байқалып жатыр. Мысалы, «Қоғамдық бақылау» ұғымы пайда болды. Енді волонтёрлер ит-мысықтарды аулау қызметінің жұмысына араласа алады. Үй жануарларына қатыгездік көрсеткендерге қатысты жауапкершілік те күшейтілді.

Десе де қоғамдық ұйымдар бұралқы ит-мысықтардың бәріне бірдей қамқорлық көрсетуге қауқарсыз. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Мердігер ұйым өкілдері орталықтың құрылысын бастамас бұрын дәл осы жерден 30 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарды. Себебі бұл жерде қоқыс жылдар бойы үйіліп қалған. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жаңа нысан тамыз айында қолданысқа беріледі.

Орталық бір гектардан асатын аумақты қамтиды. Мұнда 300 қаңғыбас жануар уақытша пана табады.

Ғизат Смайылов, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Тас төсейміз үстіне. Осындай жұмыстарға дайындық болып жатыр. Көріп тұрсыздар, жан-жағын қоршап жатырмыз. Қоршап болған соң санитарлық норма жағынан келетін 2 ғимарат көтереміз. Соның ішінде мал дәрігері отырады.

Әзірге өңірде қаңғып жүрген ит-мысықтың нақты саны белгісіз. Қыркүйек айында үй жануарларының санын реттейтін арнайы норма енгізіледі. Бұдан былай тұрғындарға ит-мысығын таңбалау міндеттеледі. Ал орталық мамандары бұралқы жануарлардың есебін жүргізеді.

Ғалым Бейсенов, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Сол мақсатты жүзеге асыру үшін облыстық Ветеринария басқармасы «Таңба» деген жүйені қолданысқа берді клиникаларға. Жекеменшік клиникаларға облыс тарапынан бердік. Қазіргі уақытта бас клиника жұмыс жұмыс істейді. Олармен 2 рет сабақ өткіздік, осы бағдарламаны жасаған әзірлеушілер келіп, сабақ өткізді.

Облыстың ветеринария станциясы жылына 12 мыңға жуық ит-мысық аулайтын. Ал қабағандары атылатын. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңы енгізілгелі жағдай түбегейлі өзгерді. Енді оларды атып алуға тыйым салынған. Тек қоғамға қауіп төндіретін иттерді жоюға рұқсат. Ал қолға түскендері 2 ай бойы арнайы орталықта пана тауып, ем-дом алғаннан кейін еркіндікке жіберіледі.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат.