Жалған ақпарат таратқан блогерлер қомақты айыппұл төлейді

Енді блогерлер парақшаларында жариялаған ақылы жарнама үшін салық төлейтін болады.

Ал ғаламтор бетінде жалған ақпарат таратқандар айыппұл арқалайды. Тиісті құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң негізінде, әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп отыр.

Технологиялар дамыған заманда, ғаламтор кеңістігінің кеңейгені мәлім. Сәйкесінше, оны пайдаланушылардың да қарасы қалың. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін интернетті пайдаланады. Яғни түрлі мессенджерлерді қолданып, әлеуметтік желілерде жеке парақшасын ашып алғандар жетерлік. Дәл осы ғаламтор арқылы алаяқтардың арбауына түсіп жататындар тағы бар. Бірақ енді барлығы заңмен реттелмек. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға сәйкес, ғаламторда жалған ақпарат таратқандар айыппұл арқалайды. Оның мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Ал өз контенті арқылы табыс табатын блогерлер үшін оның көлемі екі есе көп болады. Тиісті құжатқа Мемлекет басшысы қол қойды. Сарапшылардың айтуынша, жаңа заңның тиімді тұсы көп. Ол медиа саладағы қоғамдық қатынастарды реттеп, азаматтардың құқығын қорғайды.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл заң – Қазақстанда заңды сыйлайтын, заң аясында жүретін азаматтардың 99,9 пайызына ешқандай қатысы жоқ. Яғни бұл заңға саяси экстремизм, саяси сепаратизммен айналысқысы келетін, біздің азаматтарға қоқан лоқы жасайтын, жалған ақпарат беретін тұлғалардың бәрі енетін болады.

Бұрын әлеуметтік желілер тек таныстық орнатып, әңгіме-дүкен құру платформасы болса, қазір ол көптеген азаматтың кәсіп көзіне айналған. Бүгінде блогерлер парақшаларында түрлі өнімдерге жарнама жасап табыс табады. Ал енді бірі өзінің «жеке курсын» сатып қыруар ақшаға кенеліп отырғаны жасырын емес. Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай әлеуметтік желіде табыс тауып отырғандар салық төлеуге міндеттеледі.

Евгений Кочетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Бұл заң, негізінен еуропалық тәжірибеден өткен. Яғни әлеуметтік желідегі блогерлер, жарнама жасамас бұрын, оған арнай белгі қоюы керек. Содан кейін салық төлеп, жарнамасын жүктей алады. Бұл әлемнің көптеген елдері қолданатын заң. Егер ол біздің елде де жүзеге асса, онда нәтижесі жақсы болады. Яғни біз өркениетті және дұрыс нарыққа қол жеткіземіз.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң  60 күннен соң күшіне енеді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мейрам Жүніс