Елде такси қызметін көрсетушілерге салық төлеу жеңілдеді

Елде 500 мыңнан астам курьер бар.

Енді олар, сондай-ақ такси қызметін көрсетушілер салықты "e-Salyq Business" мобильді қосымшасы арқылы төлей алады. Пилоттық жобаның артықшылықтарын мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары түсіндірді. Біріншіден, қосымшада салық декларациясын ұсынудың қажеті жоқ. Ал 1 пайыз көлеміндегі табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді мобильді сервис өзі есептейді. Осылайша, міндеттемелерді төлеу рәсімі жеңілдеп, салық органдары қызметкелерімен тікелей қарым-қатынас болмайды. Сондай-ақ, аударым кезінде қандайда бір қателіктің кетуіне жол берілмейді. Курьерлер мен такси жүргізушілері "e-Salyq Business" жобасына ерікті түрде қатыса алады.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

- Жеке азаматтар кәсіпкерлік қызметпен айналысса, сонымен қатар оның ішінде такси қызметін көрсетсе немесе курьерлік қызметті жүзеге асырған жағдайда кәсіпкерлік жұмысын заңдастырып жұмыс жасауы керек. Немесе жалдамалы қызметкер ретінде жұмыс жасауы керек. Бірақ елімізде көптеген азаматтар бұл заңды білсе де білмегендей болады, кейде білмей де жатады. Сондықтан олар тауып жатқан табысынан салық төлемей отыр қазіргі уақытта. Біз бұл азаматтар үшін ыңғайлы қолайлы сервистерді іске асырып отырмыз.