Ақтөбеде дәстүрлі сенбілік ұйымдастырылды

Ақтөбеде дәстүрлі тазалық акциясы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенбілік шарасын «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ұйымдастырды. Мақсат – тазалық мәдениетін қоғамдық орындар мен табиғат аясында да ұстану маңыздылығын жастарға түсіндіру. Әсіресе ғаламшардың басты мәселесіне айналған пластикалық бұйымдарға аса көңіл бөлу қажет. Қайта өңделіп, кәдеге жарайтын заттар қоршаған ортаға зиян тигізіп күл-қоқысқа айналмауы тиіс. Шара барысында экобелсенділер жасөспірімдерге қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жолын да үйретті.

Мұхтар Аманбайұлы, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту» коалициясының жоба менеджері:

- Осы жиналған қоқысты 2-ге бөліп жатырмыз. Бірінші қоқыс – ол пластик. Қайта өңдеуге, қалпына келетін. Яғни, оны екінші ретті шикізат ретінде қолдануға тапсырамыз. Ал қайта өңдеуге келмейтінін қоқысқа тастаймыз.