Атырау облысындағы 6 ауыл ауыл құм құрсауында қалды

Толассыз көшкен шағыл тұрғын үйлер мен қора жайларды басып жатыр.

Соңғы 5 жыл қатарынан келген құрғақшылық пен Каспий теңізінің тартылуынан шағылдар көше бастады. Жергілікті билік ушыққан мәселені сексеуіл отырғызып шешуге көшкен. Алайда, жұмыс шала істелінгендіктен, осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған жоба аяқсыз  қалды.

Ауылдағы жалғыз трактор болмағанда Фаруза Сұлтанәлиеваның үйі әлдеқашан құм көшкінің астында қалар еді. Десе де, сусыған құм ырық берер емес. Ауылдықтар ернектеп енген шағыл бір күні баспанамызды басып қала ма қорқады.  

Фаруза Сұлтанәлиева, ауыл тұрғыны:

- Құмның азабын көрдік. Аптасына  бір-екі рет алдыртып тұрамыз осылай. Қиын. Үйді басып кететін түрі бар.

Құрғақшылық пен теңіздің тартылуы мәселені одан бетер ушықтырып жіберді. Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын да тығырыққа тіреген. Алдыңғы жылы 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталды. Егілген 27 мың түп сексеуілден сая болар түк қалмапты. Жергілікті билік енді жаңа жұмыстың жобасын жасақтауға кірісті.

Аслан Ғұбаш, Исатай ауылының әкімі:

- Қазір жобалау сметалық құжатын дайындап жатырмыз тағы да. Ауылдың ішіндегі құмдарды далаға шығаруға машинамен, погрузчиктермен. Осы жұмыстармен айналысып жатырмыз. Игертпей жатыр.

Билік басындағылар кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін айтады. Салғырттық танытып, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілмек.

Нұргүл Қалиева, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Олар өздерінің гарантинный письмосын да берді бізге. Жасайтын боламыз деген. Кешегі уақытта тағы да хат жолдаған болатынбыз. Олар күз айында жасаймыз деп өздерінің міндеттеріне алып отыр. Егер орындамаған жағдайда сотқа жүгінеміз.

Облыс бойынша құм басу қаупі  жоғары 6 ауыл бар. Соңғы 10 жылда

құм көшкіні бел алып бара жатыр. Сондықтан жедел шара керек. Исатайда қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елдімекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин