БҚО-дағы шалғай ауылдарға дәрігерлер келе бастады

Батыс Қазақстан облысында шалғай ауылдарға еңбек етуге барған дәрігерлерге 5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем беріліп жатыр.

Әлеуметтік жоба шеңберінде алғашқылардың бірі болып Жаңақала аудандық ауруханасына, бес дәрігер қабылданды. Олардың қатарында тәжірибелі кадрлар да, дипломын енді ғана алған, жас мамандар да бар.

Жәнібек Оспанов Жаңақала аудандық ауруханасына жақында ғана қызметке орналасты. Ол Ақтөбе облысынан келген. Мамандығы – қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері. Салада он жылдан астам тәжірибесі бар. Қазір статистика бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Дәрігерге облыстық бюджеттен 2,5 млн теңге, ал аудандық бюджеттен 345 мың теңге көлемінде бірреттік төлем берілген. Сонымен қатар қызметтік пәтермен де қамтамасыз етілген екен.

Жәнібек Оспанов, Жаңақала аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Міндеттерім – отчет, осы аурухананың, дәрігерлерінің жұмысын біз сыртқа көрсетеміз: дәрігерлер қанша прием жасады, стационарда қанша ауру жатты,  соның бәрін біздің отдел қадағалайды. Көмек болды және жалақысы да өте жақсы. Солардың бәрін ойластырып, жанұяммен ақылдасып, осында келуге шештік. Кеше келгеннен бастап тұрғын үйге уже көмектесті.

Облыс орталығынан 250 шақырым қашықта жатқан ауданға енді тағы 3 жалпы тәжірибелік дәрігер мен бір педиатр келеді. Әрқайсысына әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар өзге мамандарды жергілікті бюджет есебінен кәсіби оқытуға да көңіл бөліне бастаған.

Бақытжамал Қазиева Көпжасар ауылдық округінің тұрғыны:

- Терапевтке қаралайын деп тұрмын. Дәрігер, иә, бар. Қолдау қажет. Жалақысын көбейтсе, дәрігерлер келеді ғой.

Ербол Сәрсенғалиев, Жаңақала аудандық ауруханасының директоры:

- Үш жыл жұмыс істеу керек осы ауданда. Үш жылдан кейін болды. Ұнаса қалады, ұнамаса басқа жерге, ауылға баруға болады. Қазіргі уақытта бес маманның ішіндегі екі маман биыл бітірген, үшеуі 10 жыл, 7 жыл, 5 жыл тәжірибесі бар. Енді маған керегі үш дәрігер, болды. Сосын бізде зейнеткер әріптестеріміз жұмыс істеп жатыр. Соған кадр дайындау бойынша Жаңақаланың азаматын біздер резидентураға түсіртіп, өзіміздің қаражатымыздан төлеп жатырмыз.

Облыста қазір 250-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, хирург және кардиологтар аса қажет. Шекара іргесінде жатқан Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына қызметке барған ақхалаттыларға 5 млн теңге, ал өзге аудандарға 1,5 млн теңгеден 2,5 теңгеге дейін бірреттік төлем беріліп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы маман тапшылығын толықтай шешуде әзірге осы жүйеге үміт артып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Абюпов