Оралда салмағы 6 келі сәби дүниеге келді

Оралдағы көпбейінді ауруханада салмағы 6 келіден асатын ұл дүниеге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бойы – 63 сантиметр. Дәрігерлердің айтуынша, сәби мен оның 35 жастағы анасының денсаулығы жақсы. Олар ертең үйіне оралады. Өмір есігін ашқан нәресте – отбасындағы үшінші перзент. Үйдің тұңғыштары да 4 және 5 келі салмақпен туған. Артық салмақ денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін, - дейді ақхалаттылар. Сондықтан үйге шығарылса да, дәрігерлердің бақылауында болады.

Тимур Мұхамедияров, қалалық көпбейінді ауруханасының акушер-гинекологы:

- Әйел айы-күні жетіп, өзі босанды. Оның да, сәбидің де жағдайы қалыпты. Баланың денсаулығын педиатр одан әрі бақылап отырады. Өйткені артық салмақ бар. Әдетте қалыпты норма 3-4 келі ғана. Балалардың артық салмақпен өмірге келуіне, біріншіден, экологиялық қолайсыздық, екіншіден, анасының тамақтану тәртібінің бұзылуы себеп болып жатады.