Семейдегі үйлерге 5G интернет желісі орнатыла бастады

Мобильді байланыстың бесінші буыны қазір қаладағы 2 бірдей ықшам аудан тұрғындарына қолжетімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздегі жетекші байланыс операторы облыс орталығына жыл соңына дейін 9 базалық станция қоюды жоспарлап отыр. Компания өңірдегі ескірген мыс желілерін жаңа оптикалық желілерге ауыстырып жатыр. Жыл басынан бері 500 семейлік отбасы GPON технологиясы бойынша жылдамдығы 500 Мбит/секундтық интернет қызметіне қосылған.

Лаура Биболова, қала тұрғыны:

- Жаңа ғана естіп отырмын үйде 5 G болатынын. Өте қуаныштымын. Қазір ХХІ ғасыр. Табыс көзі интернет желісі болып табылады. Өзім де интернет желісінде жұмыс істеймін. Сондықтан мен үшін жұмыста да, үйде сапалы интернет болуы өте қажет.

Қуанышбек Есекеев, байланыс компаниясының басшысы:

- Қазір біз қаланың ішінде 2 базалық станцияға 5G қызметті көрсеттік. 5G қызмет бізге жаңа интернет саласын бере алады. 2-3 айдың ішінде 10 базалық станцияны мында қояйық деп жатырмыз. Қолайлы болады. Енді 2-3 айда көп тұрғынға 5G қызметке қосылуға болады.