Биыл Ақмола облысында 87 мектеп жөнделеді

Өткен ғасырдың ортасында салынған білім ордалары жаңартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерде 50 жаңа кабинет ашылып, заманауи құрылғылармен жабдықталады.

Бұланды ауданына қарасты Қараөзек ауылының мектебі ашылғанынан бері биыл бірінші рет жөнделіп жатыр. Әбден тозығы жеткен ғимараттың шатыры қайтадан салынып, жаңа терезелер орнатылады. Қыркүйекке дейін мектептің оқу кабинттері, асханасы және спортзалы жөнделеді. 

Қалима Дайырова, мектеп директоры:

- Бұл мектепте мәселе көп болды. Ең бастысы – жанағы электр құрылғылардың ескіруі, су құбырының жоқтығы. Тек қана өзіміздің жергілікті «скважина» болды, оның су сапасы да нашар болды және де кәріз жүйесінің болмауы. Осының барлығы осы биылғы жобаға ілегіп, 314 миллион Үкімет тарапынан берілді. Биылғы жылы бізге 6 миллионға STEM-кабинет берілді. 3 миллионға «Қазақстан халқы» қорынан робототехника кабинеті берілді.

Вознесенка ауылдық мектебі де жарты ғасырдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмепті. Білім ошағы айтарлықтай ескіріп, тіпті төбесінен су да аққан. Осы айда басталған жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады. Қазір мектептің қасбеті, терезелері мен су құбырлары қалпына келтіріліп жатыр.

Марат Әбдірахманов, мектеп директоры:

- Мектептің жағдайы бойынша әртүрлі мәселелер туындаған болатын. Өйткені ғимарат 1969 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген. Терезелер тозып, асханамен спортзалдың төбесінен су ақты. Енді қазір жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шатырды қайтадан салдық, шағын орталық пен гаражды қалпына келтірдік.

Бұланды ауданында биыл оқу жылы басталғанға дейін 7 мектеп жөнделеді. Олардың іші-сырты жаңартылғанымен, жұмыс аяқталмайды. Білім ордаларына жаңа оқу кабинеттері және заманауи құрылғылар сатып алынады.

Әлия Жолдығұлова, Бұланды аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Вознесенка және Қараөзек ауылдың мектептерінде жаңа модификациядағы кабинеттер ашып, қажетті құрылғылармен жабдықтаймыз. Олар сатып алынды, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орнатамыз. Спортзалдармен алғашқы әскери дайындық кабинеттерін жаңа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Бірақ барлық жұмыс бірден аяқталмайды. Қазір аудан орталығындағы2 мектептің жөнделуін жоспарлап отырмыз.

Өңірде 5 мыңнан астам орынға есептелген 14 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Көбі облыс орталығы мен Астана маныңдағы аудандарда.  Соның алтауы жаңа оқу жылының қарсаңында іске қосылады, - дейді мамандар. 

Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный.