Ақмола облысында ауылдардың инфрақұрылымы жаңартылады

Ақмола облысында 85 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.

Елді мекендерде ескірген жол, су құбырлары мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру басталды. Бұған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 17 миллиардтан астам теңге бөлінді.

Вознесенка ауылында мыңға жуық адам түтін түтетіп отыр. Мұнда алғаш рет ауылішілік жолдар мен жарық желілері жөнделіп, үйлерге ауызсу тартылады. 

Төлеу Жұқатайқызы, Вознесенка ауылының тұрғыны:

- Қиыншылықты көрдік. 20 шақты жыл анау башнядан сатып алдық, бір фляга 40 теңге, арғы бетке 80-90 теңгеге тасып береді кемпір-шалдарға. Ондай тасып-алған сумен бау-бақша егіп, мал өсіру деген болмайтын жағдай қысы-жазы. Жолда қиқы-жиқы болды, мектеп те ремонтталмаған, шамдар да сөніп болмаған. Халық сияқты қиындық көрдік, бірақ соңғы жылдары түзеліп келе жатыр.

Вознесенка ауылын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін қазынадан 600 млн-ға жуық теңге бөлінді. Су құбырлары келер жылдың соңына дейін тартылып бітуі тиіс. 

Дастан Хамзин, учаске бастығы:

- Қазір 9 шақырым су құбырын салдық. Желінің жалпы ұзындығы 42 шақырым болады. Сонымен қатар екі ұңғыма қазып, ауылдың екі бөлігіне 100 текшеметрлік су жинайтын резервуар орнатамыз. Үйлерге тіршілік нәрін тартамыз. Әлеуметтік осал топтағы жанұялар мен зейнеткерлер үшін суды тегін өткізіп береміз.

Биыл Бұланды ауданыныңдағы елдімекендерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Ифрақұрылымы жаңартылып келеді. Бұл бағытта шалғайда орналасқан немесе әлеуеті жоғары ауылдарға басымдық беріледі. 

Ардақ Смайылов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

- Су тартылып жатыр, жол істелініп жатыр, свет, освещение жағынан бәрі істелініп жатыр. Биыл біздің осы жобаларымыз бойыша 9 миллиард теңгеге осындай жұмыс жасап жатырмыз. 38 ауылдарымыз бар, 6 ауылымызда су тарту жұмыстары жүріп жатыр. Үш ауылда жол істелініп жатыр.

Өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзден астам жоба жүзеге асып келеді. 68 ауылда көшелері жаңартылып, әлеуметтік нысандар толық жөндеуден өтеді. Одан бөлек жаңа мәдениет үйі мен үш спорт кешені бой көтеріп келеді.

Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный