Бағдат Мусин ел тұрғындарын интернетті үнемдеуге шақырды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ел тұрғындарын интернетті үнемдеуге шақырды.

Яғни, үйде вай-файға қосылып, мобильді интернеттің трафигін босқа шашпауға кеңес берді. Айтуынша, қазір елде жан басына шаққанда біз 15 гигабайт қолданамыз. Ал дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш 9 гигабайттан аспайды.

Мобильді интернет сапасы ел тұрғындарын бұрыннан толғандырып жүргені жасырын емес. Өзге өңірлер түгілі, еліміздің бас қаласында да интернет бірде бар, бірде жоқ.

Блиц:

Интернеттің жылдамдығы көңіліңен шыға ма?

- Интернеттің жылдамдығы? Жоқ.

- Бір жерде актив ұстайды, бір жерде билайн ұстайды. Ол білмеймін. Глушитель ма, политикасы сондай ма?

Интернеттің құны қымбат па?

-        Қымбат иә.

-        Қанша төлейсіз?

-        2500 теңге.

-        Қанша гигабайт?

-        15.

Жуырда Activ пен Kcell абоненттері 1 айда 2 мәрте мобильді интернетсіз қалған. Ал тамыздан бастап бірқатар операторлар тариф құнын қымбаттату жөнінде шешім қабылдады.

Бұндай смс хабарламаларды өз абоненттеріне Altel мен Tele2 таратқан болатын.

Цитата:

Бірқатар факторларға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты біз тарифтік жоспарлардың бағасына кішігірім өзгеріс енгізу туралы шешім қабылдауға мәжбүрміз. Бұл сіздің қаражатыңызға әсер етуі мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан біз қосымша ресурстар мен қызметтер түрінде өтемақы ұсынамыз. Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен және дамуымен, әлемдік логистикалық тізбектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жоғары жиілік құны және компаниямыз үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайлармен байланысты. Сондықтан біз қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және сізге одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағаларын қайта қарауды шештік.

Судың да сұрауы бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин – халықты интернетті үнемдеп қолдануға шақырды.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Адам басына шаққан кезде біз 15 гб жоғары трафикті қолданып жатырмыз. Ал халықаралық дамыған мемлекеттерді алатын болсақ, 9 гб аспайды. Ол дегеніміз не? Барлық адамдар интернет трафикті қолданып жатыр. Ол бір жағынан қарасақ біздің цифровизация үшін өте жақсы көрсеткіш. Бірақ, шыныменде операторларға жүгінетін болсақ, олардың инфрақұрылымына, су болсын, жылу болсын, олардың да құбыры бар, станциялары бар. Олар инвестиция талап етеді. Біздің де саламыз басқалары сияқты инвестицияны талап етіп жатыр.

Жарты күнді әлеуметтік желіде өткізетініміз жасырын емес. Әлемдік рейтингке қарасақ интернетке ең тәуелді халық – нигериялықтар екен. Олар күніне 4 сағат 20 минут уақытын интернетте өткізеді. Одан кейін Бразиялия, Оңтүстік Африка Республикасы, Филиппин және Колумбия елдері жайғасқан. Ал әлеуметтік желіде ең аз уақыт өткізетін - жапондықтар екен. Күншығыс елі интернетке күніне 49 минут уақытын ғана жұмсайды. Одан кейін Оңтүстік Корея мен Австриялықтар.

Әлем елдерінің әлеуметтік желіні пайдалануы:

Нигерия — күніне 4 сағат 20 минут

Бразилия – күніне 3 сағат 44 минут

ОАР - күніне 3 сағат 44 минут

Филиппин - күніне 3 сағат 42 минут

Колумбия - күніне 3 сағат 35 минут

Австрия – күніне 1 сағат 30 минут

Оңтүстік Корея - күніне 1 сағат 11 минут

Жапония – күніне 49 минут

Ал Internet Accessibility Index Қазақстанның телекоммуникация секторы Орталық Азиядағы ең озық секторлардың бірі деп таныған екен. Елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылы 25%-ға өсіп, секундына 22 Мегабитке дейін жетіпті. Ал көрші Қырғызстанда бұл көрсеткіш секундына 19 мегабит, Өзбекстанда-13, Тәжікстанда-7 және Түрікменстанда - 3 мегабит екен.

Мобильді интернеттің орташа жылдамдығы:

(Internet Accessibility Index ақпараты негізінде)

Қазақстан – секундына 22,1 Мбит

Қырғызстан - секундына 19,4 Мбит

Өзбекстан - секундына 13,67 Мбит

Тәжікстан - секундына 7,84 Мбит

Түрікменстан – секундына 3,31 Мбит

Дегенмен Бас шаһарда интернет жылдамдығы әр түрлі. Ғимараттар ішінде 4-тен 30 мбит-ке дейін барса, далада бұл көрсеткіш 5-6 есе өсуі мүмкін. Енді жауапты министрлік заңнамалық тұрғыда мердігерлерге ірі нысандар төбесіне базалық станциялар орнатуды міндеттемек жоспарда. Бұл өз кезегінде сауда және бизнес орталықтары мен қонақүйлерде, сондай-ақ басқа да ірі нысандарда  интернет пен байланысқа жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені қазір құрылысшылар арнайы құрылғыны орнатпай, қаржы үнемдеуді жөн көреді екен. Салдарынан, кей жерлерде байланыс нашар. Ал ол үшін операторлар жауапты емес. Мобильді интернет сапасын арттырудың тағы бір шешімі – ол нарықты монополиядан арылту. Сарапшылардың пікірі бүгінде осыған саяды.

Шавкат Сабиров, Қазақстанның интернет қауымдастығының президенті:

- Көбіміз қазір нарыққа шетелдік операторлардың енгізіп, жағдайды дұрыстау қажет деген пікірді ұстанып отырмыз. Бірақ шетелдік инвесторға ол тиімді бола ма? Бұдан пайда таппаса, ол несіне бұл салаға қыруар қаржы құяды? Сондықтан да нарықты монополиядан арылту қажет деп есептейміз. Сонда ғана сала жақсы қарқынмен дамитын болады.

Айта кету керек, биылдан бастап қызмет сапасының төмендігі үшін мобильді операторларға салынатын айыппұл көлемі 4 млрд теңгеге дейін өседі. Биыл жыл басталғалы бері байланыс операторларына 1,5 млрд теңге айыппұл салынған екен.

Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров