Маңғыстаулық Кобзевтер жанұясы халықаралық ірімшік байқауында ел намысын қорғайды

Маңғыстаулық Кобзевтер жанұясы халықаралық ірімшік байқауында Қазақстан намысын қорғайды.

Іскер отбасы Түпқараған ауданында төрт түлік өсіріп отыр. Қазір ешкі мен түйе сүтінен ірімшік жасау өндірісін жолға қойған. Қыркүйекте Францияда өтетін байқауда өз өнімдерін таныстырмақшы. Ерекше сайысқа бұған дейін ел азаматы қатыспаған.

Кобзевтер отбасы 3 жыл бұрын Ақшұқыр ауылында мал фермасын құрған. Шаруашылығының аумағы 10 гектар. 4 гектарында Сексек ата түлігі бағылады. Мұндағы цехта айына 3,5 тонна ешкі сүті өндіріледі. Жергілікті нарыққа пастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе және ірімшіктің 12 түрі шығарылады. Мемлекет қолдауының арқасында кәсіпорын әлеуеті жыл санап артуда.

Александра Григолова, ферма қызметкері:

- Ауылшаруашылығына саласында өз қаржыңа кәсіп ашу оңай шаруа емес. Бұл ретте біз мемлекет қолдауын көріп отырмыз. Биыл өндірісті дамыту үшін 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасына тұрақты қатысып келеміз. Басты мақсатымыз - күзде Еуропада өтетін байқауда қазақстандық сүт өнімдерін таныстыру.

Мал фермасының жай-күйімен ауданға жұмыс сапары кезінде аймақ әкімі арнайы барып танысты. Нұрлан Ноғаев ешкі ұсталатын орын мен сүт өңдеу цехын көріп, кәсіпкерлердің бүгінгі жетістігіне ризашылық танытты. Маңғыстауда өндірілетін ірімшіктің ішкі экспортты дамытуға зор үлес қосарын айтып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жалғаса беретініне сенім білдірді.

Қазбек Тәшімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Сол шаруа қожалығының базасында біздер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кооператив құрғалы тұрмыз. Ақшұқыр, Сайын ауылының басқа да қызығушылық танытқан тұрғындар болса, олар кооператив мүшелігіне кіріп, 8 млнға дейін 2,5 пайыз үстемақымен мүмкіндіктері бар. Ал кооперативтің өзі 27 млн теңгеге дейін алуына мүмкіндігі бар. Олардың жоспары бойынша соның есебінен қосымша құрал-жабдықтар сатып алғысы келіп отыр.

«Le Mondial du fromage» байқауы 10-12 қыркүйек аралығында  Францияның Тур қаласында өтеді. Халықаралық шара аясында жәрмеңке өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген сүт өнімдері көрерменге таныстырылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев