Көкшетауда жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Ақмола облысында да жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр.

Биыл өңірдің жылу тарататын нысандарын жөндеу үшін ел қазынасынан 27 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Қазір қазандықтар қалпына келтіріліп, жылу желілері ауыстырылып жатыр. Одан бөлек мекемелерді қысқа толық дайындау үшін қатты отын қоры дайындала бастады.

Көкшетаудағы жылу мекемесінде жөндеу жұмыстары үшінші ай жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге дейін мердігерлер екі қазандықтың жөндеуін толықтай аяқтады. Қазір түтін мұржалары, энергия құралдары және қосымша жабдықтар жөнделуде. 

Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:

- Қазір сегізінші қазандық 45 пайызға жөнделді. Жұмыстарды мердігерлер уақытында аяқтауға тиісті. Биыл Үкімет резерві есебінен бөлінген қаражаттың арқасында осындай ауқымды жөндеуден өткізіп жатыр. Яғни, жылу қазандықтарын жөндеу үшін 2 миллиард теңге және жылу желілерін жаңарту үшін 600 миллион теңге қарастырылған. 

Шаһардың жылу құбырлары да 50 пайызға тозған. Осы жазда үш шақырымнан астам орталық жылу желілері ауыстырылды. Қазір өңірдегі мыңнан астам жылу нысандарының 560-ы қысқа дайын. Бірақ, алаңдатып отырған мәселе – жылу желілерінің ескіргені. Мамандардың айтуынша, 50 пайызға жуық құбырлар тозған екен. 

Данияр Қуанышбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Жылу желілері облыстың екі қаласында ең қатты ескірген. Яғни Степногорск қаласында 80 пайызға және Атбасар қаласында 70 пайызға тозған. Жалпы сегіз жылу тарататын кәсіпорындарында жылу құбырларының ескіруіне байланысты мәселелер туындаған. Оларды «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының арқасында шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Мысалы, биыл облыс бойынша жылу желілерінің ескіргендігін бес пайызға төмендетеміз. 

Жылу кәсіпорындарын қатты отынмен қамтасыз ету де маңызды. Ол үшін бюджет есебінен алты миллиардқа жуық қаражат қарастырылған.

Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный