Маңғыстау облысында «Сергек» арқылы 22 млн теңге айыппұл салынды

Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында ереже бұзған көлік жүргізушілеріне 22 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, 10 млн 568 мың теңге мемлекет пайдасына өндірілген.

Маңғыстау облысында «Сергек» бақылау жүйесі 1 шілдеде іске қосылған еді. 148 бейнекамера 18 шілдеге дейін тест режимінде жұмыс істеді. Қазір барлығы жолдағы заңбұзушылықтарды жедел тіркеп жатыр. Мәлімет бірден процессингтік орталыққа келіп түседі. Мұнда әр бейнежазба 30 күн сақталады.

Тимур Жұмалиев, облыстық ПД ӘПБ бөлім бастығы:

- 108 камера Ақтау қаласы бойынша, 40 Мұнайлы ауданында. 8 күннің ішінде «Сергек» арқылы 2 171 құқықбұзушылық дерегі анықталып, 21 млн 971 мың теңгеге айыппұл салынған. Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 811-бабының, 1-бөлігіне сәйкес салынған айыппұлдың 7 тәулік ішінде 50% төлеу мүмкіндігі қарастырылған.