Отандық өнімдер халықаралық көрмеге қойылды

«Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірінші Іле халықаралық көрмесі өтті.

Оған Қазақстан тарапынан 150-ге жуық кәсіпкер қатысып, отандық өнімдерді таныстырды. 15 мың шаршы метр алаңға орналастырылған көрме үш секциядан тұрады. Онда негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қоса, аталған саладағы жетістіктер мен ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылды. Бұл көрме Қазақстан мен Қытайдың өзара тәжірибе алмасуына бағытталған. Тиісті уағдаластыққа мамыр айында екі ел басшыларының қатысуымен өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті барысында қол жеткізілген болатын.

Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қытай мемлекеті мен Қазақстан мемлекетінің ортасындағы Қорғас қаласында ұйымдастырылып отырған ауыл шаруашылығы көрмесіне жалпы біздің облыстан 59 кәсіпорын келді. Қытай бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық танытқан жағдайда осы жерде өзара келісімдер жүргізіледі деген үлкен үмітіміз бар.

Ділраба Әкімбей, Қорғас қаласының тұрғыны:

- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірінші Іле халықаралық көрмесіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Ішкі Қытайда Қазақстанда өндірілген тауарларға деген сұраныстың өте жоғары екенін айтқым келеді. Болашақта бұл шара тұрақты ұйымдастырылады деген үміттеміз.