Шымкент пен Ақтауда көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Шымкентте көпқабатты үйлерде 109 өрт дерегі тіркеліп, тілсіз жау 8 адамның өмірін жалмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – өткен 7 айдың қорытындысы. Материалдық шығын көлемі жарты млрд теңгеге жуықтайды. Осыған орай төтенше жағдай саласының қызметкерлері адамдарды эвакуациялау кезінде кездесетін кедергінің бар-жоғын анықтауға кірісті. Табылған кемшіліктер аз емес. Дәл осындай шара Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласында да жүріп жатыр.

Құрылыс компаниялары көпқабатты баспана салу кезінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейді. Көп үйлерде тілсіз жаумен күресте қолданылатын өрт гидранттары мен крандар су құбырына мүлде жалғанбаған.

Мәселен, 2 жыл бұрын 16 қабатты тұрғын үй кешенін шарпыған өрт себебін зерделеу біраз былықтың бетін ашты. Осындай келеңсіздікті жиі байқайтын тұрғындар да әркез үрей құшағында жүреміз дейді.  

Раушан Қонбаева, қала тұрғыны:

- Өз басым жоғары қабатта тұруға қорқамын. Өрт болса, қашатын жер жоқ деуге болады. Кейбір үйге барғанда қарапайым гидранттарды көрмеймін. Сосын қазір Ақтауда су жетіспейді ғой. Өрт сөндіруші келгенімен, өртке құятын суы болмаса, не пайдасы бар халыққа? Құдай сақтасын, биік үй өртенсе, аман шығу қиын деп ойлаймын.

Құрылыс нормаларына сәйкес биіктігі 28 метрден асатын баспанада апатты дабыл қағу құралдары болуы тиіс. Көп жағдайда құрылғылар ток көзіне мүлде қосылмаған болып шығады. Құтқарушылар жыл басынан бері бірнеше рет тексеру өткізіп, құрылысшылар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Олар тағы 5 тұрғын үй кешеніне барып, қауіпсіздік шараларының сақталуына көз жеткізбек ниетте. 

Қабілет Есжанов, қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

- Мысалы, жоғары қабатта өрт орын алса, тұрғындарды уақытында эвакуациялау үшін баспалдақтар бар. Соларды көбінесе тұрғындардың өздері алып тастауынан немесе құрылыс салушы мекеме салмай кетуі салдарынан сондай кемшіліктер кездеседі. Біз ол жерлерге баса-көктеп кіре алмаймыз. Тексеріс жүргізе алмаймыз.

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері де үй-үйді аралап, пәтер иелеріне сақтық шараларын түсіндіріп жүр. Көп жағдайда құтқарушылар өрт орнына тез жете алмайды. Себебі көпқабатты үйлердің ауласына бей-берекет қойылған жеңіл көліктер арнайы техниканың жолын бөгейді. Тағы бір мәселе, 2016 жылдан бастап сала мамандары құрылыс нысандарының жобалық құжаттамасына баға бере алмайды. Соның салдарынан кейбір жаңа баспаналар өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмай жатады. 

Азамат Бұлдырықов, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

- Қазір, өздеріңіз байқағандай, саты торлары, эвакуациялық жолдарды жауып қойып жатыр. Сол бойынша да түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Сонымен тұрғын үйлердегі өрттердің көбі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болып отыр. Қазіргі жаңадан соғылып жатқан ғимараттар мен көпқабатты үйлердің жобаларын қарай алмаймыз. Сол себепті бізге арыздар көп түсіп жатыр.

Биыл еліміздің тұрғын үй секторында 4 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркелді. Құтқарушылар 633 адамның өмірін сақтап қалды. Соның 189-ы – бала. Қайғылы жағдайдың алу үшін тұрғындарға жадынама тарату, бақылау шарасын өткізу жұмыстары Бас прокуратура бекіткен кестеге сәйкес жалғаса бермек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Саламат Бекбаев.