Петропавлдағы ЖЭО-да құлаған құбырдың құрылысы жүріп жатыр

Петропавлдағы жылу электр орталығында жартылай опырылып құлаған мұржаның 31 метрі салынып бітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

60 адамнан құрылған қос бригада тәулік бойы жұмыс істейді. Жоба бойынша нысанның ұзындығы 180 метр, ал қабырғасының қалыңдығы 60 сантиметр болады. Қазір жылу электр орталығында қазандықтар да қатар жөнделіп жатыр.

Жалпы ескірген кәсіпорынды қалпына келтіру үшін биыл 12 миллиард теңге инвестиция салынады. Еске сала кетейік, былтыр наурыз айында жылу орталығындағы алып мұржа құлап, 1 адам қаза тапқан еді.

Олег Перфилов, жылумен қамтушы кәсіпорынның бас директоры:

- Қазір құбырдың қабырғасы тәулігіне 2,5 метрге көтеріледі. Осылайша, темірбетон бағанды қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онымен қатар түтін шығару қондырғылары да салынып жатыр. Қажет болса, қараша айында кейбір жылу қазандықтары жаңа құбырға қосылады.