Мәскеулік тұрғын саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталарының мәліметін Петропавлдан тапты

Үзілмеген үміт. Мәскеулік тұрғын саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталарының мәліметін Петропавлдан тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елена Нельденің туыстары кезінде Дон бойынан Қазақстанға жер ауып келген. Бірақ жаңа жерде де маңдайы шылқыған жоқ.

Ит арқасы қияннан келіп, қуғын-сүргінге ұшырағандардың аты-жөні қазір тас ескерткішке жазылған. Ата-бабасын Ресейден арнайы іздеп келген шөберемен аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы кездесті.

Елена Нельденің арғы атасы Қазақстанға 1920-ыншы жылдары келген. Осында колхоз төрағасы болған. Кейін аға-інілерімен түгел қуғын-сүргінге ұшырайды. 4 ағайындының аты-жөні Петропавлдағы ескерткішке жазылған. Бүгін оны Мәскеуден келген шөбересі оқып, көз жасына ерік берді.  

Елена Нельде, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Олар нағыз қиындықты көрген. Бүгін көз жасымды көрсеткім келмеді. Бірақ өз-өзімді ұстай алмадым. Бұл жерде менің ғана аталарым жазылған жоқ. 7 мың 600 адамның аты-жөні бар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қабырға Болат Сағындықовтың бас болуымен және демеушілердің көмегімен салынды. Қазір мұнда Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарынан «Халық жауы» атанған адамдардың аты-жөні жазылған.

Болат Сағындықов, «Память» қоғамдық қорының төрағасы:

- Менде анау 2 томдық тізім бар, КГБ-дан алған бүкіл осы облыстағы қуғын-сүргін құрбандарының тізімі. Қай жерде, кім болып істегені – барлық деректері бар. Соған қарап айтайын дедім, сосын айттым, осындай-осындай Нельде деген 4 адамның тізімі бар.

Қазір бұл мәліметтер Елена Нельденің қолына тиді. Енді ол аталары тұрған Новоалександровка ауылына баруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.