Еліміздің жаңа көпқабатты үйлерінде өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Елімізде жаңа көпқабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов кеңес өткізіп, жауаптыларға нақты тапсырма берді. Жиын барысында Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралды. Үйсіз қалған тұрғындарды уақытша баспанамен қамту, орналастыру жайы сөз болды. Үкімет басшысы тұрғындарды үйлеріне қайтару үшін қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Естеріңізде болса, өрттен 42 адам зардап шегіп, 1 әйел қаза болды. Қазір медициналық мекемелерде 5 адам ем қабылдап жатыр. Өрттің себебін анықтау мақсатында сараптама тағайындалған. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Төтенше жағдайлар министрлігі оқу-жаттығулар аясында халықтың өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Өрт кезінде ауладағы көліктер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтірді. Сондықтан барлық өңірде тұрғын үй кешені мен аудандардың инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажет.  Сонымен қатар ТЖМ бөлімшелерінде жыл сайын техника жаңартқан кезінде биік ғимараттарда жұмыс істеуге арналған техника қажеттілігін ескеру керек.