Ақтөбеде 200 пәтерлі екі көп қабатты үй ыстық сусыз қалды

Ақтөбеде екі жүз пәтерлі екі көп қабатты үй ыстық сусыз қалды.

Себебі тұрғын үйлерге жылу мен ыстық су беретін автономды қазандықтан ақау шыққан. Енді оны жөндеуге қыруар қаржы керек. Сенімгерлік басқаруға алған компания бас тартып отыр. Ал тұрғындар алдағы қыста жылусыз қаламыз ба деп қорқады. Мәселенің мән-жайын тілшілеріміз анықтап көрді.

Бұл 200 пәтерлі екі үй бес жыл бұрын пайдалануға берілген. Сол кезде құрылған кондоминум екі үйді жылумен қамтитын автономды қазандықты өз иелігіне алады. Алайда дұрыс игере алмайды. Сосын үйді салған құрылыс компаниясына қарасты кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға береді. Содан бері үш жыл өтті. Енді бұл компания тұрғындар қызмет ақысын толық төлемейді, қарызы көп дегенді айтып жұмысты жалғастырудан бас тартып отыр. Қазір қазандық электр желісінен ажыратылған. Үйлерде ыстық су жоқ. 

Жұмагүл Құлымбетова, қала тұрғыны:

- Бізге ыссы су керек бірінші. Екінші, отопление. Қыста жылусыз қалмайық дейміз. Қыс болса міне жақындап қалды, 1-2 ай қалды ғой уже. 

Тұрғындар бүгінгі күнге дейін қазандыққа ешқандай күтім жасалмағанын айтады. Оны жөндеп ретке келтіру үшін шамамен 30 млн теңгеден астам қаржы қажет екен. Ал бұған дейін қызмет еткен компания басшысы, жұмысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік жоқ дейді. 

Рыскелді Такенов, басқарушы компанияның басшысы:

- Үш жыл өтті. Былтырғы таңда акимат бір рет бізден просьба сұрады тағы бір қыстан шығарып беріңіздер деп. Енді биылғы таңға шейін өздеріңіз қараңыздар 2 миллион 400 ба халықтың қарызы бар. біріншіден. Екіншіден халықтың өздері договорға отырмайды. Біздің компания убытокте отырмыз бүгінгі таңға.

Билік өкілдері болса, мәселені екі үй тұрғындарынан   құрылған пәтер иелері бірлестігі шешуі керек дейді.  Себебі, заң жүзінде қазандықтың сол ұйымның балансында тұр. 

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Енді қазіргі таңда осы үйде мүлікті меншік иелері бірлестігі құрылуына байланысты олар жылыту қазандығына энергия желісін қосу үшін қайта келісім-шартқа отыруы қажет. Тұрғындарға айтылды да сонымен қатар қазандықты апатты жағдайға әкелген жағдай болса олар сот арқылы ол компанияны сот жүктейді. Что олар қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізсін, қазандықты ауыстырылсын деген сияқты. 

Қазір екі үйге ыстық су мен жылу беретін қазандыққа қаладағы ірі коммуналдық кәсіпорын уақытша  техникалық қызмет көрсетіп отыр. Мамандары мәселе толық шешілгенге дейін осында болады. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов