Қызылорда облысының жас кәсіпкерлері құрылыс материалдарын өндіруге бет бұрды

Қызылорда облысындағы жас кәсіпкерлер құрылыс материалдарын өндіруге бет бұра бастады.

Осылайша жергілікті шикізатты пайдалана отырып, құрылыс құнын арзандатуға ниетті. Бұл бастама әсіресе Қаратау етегіндегі Жаңақорған ауданында кеңінен қолға алынып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік нысандарының 96 пайызға дейін тоқтаусыз жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан жасалған түрлі қолдаулардың да көмегі бар,-дейді мамандар.

Өркен Әбсаттар Қызылорда облысында алғаш болып полистиролбетон өнімін шығаруды қолға алды. Құрылыс материалының бұл түрі ғимараттың сыртқы, ішкі қабырғаларын өруге арналған. Әрі сапасы мен бағасы тиімді,-дейді жас кәсіпкер. Өткен жылы өзі үй салмақ болған екен. Алайда құрылысқа қажетті материалдардың бағасы арзан емес. Сондықтан, өңір тұрғындары өзге аймақтардан қымбат сатып алмай, өз өндірісімізді жолға қойған жөн деп тауыпты. Жеке үй ауласындағы шағын цехта айына жеңіл бетонның 3 мың данасы дайындалады.

Өркен Әбсаттар, кәсіпкер:

- Өзіміз үй салмақшы болып, Алматы облысынан таптық. Ол бізге қымбат түскендіктен бағасы 900 теңге, бірақ келуіменен есептегенде неғұрлым қымбат болып кетеді. Өзімізге ашпақ болғанымыз сол себепті. 

Ал Мейірбек Үсенов мемлекеттен алған жеңіл пайызды несиеге шатыр жабындысын шығаратын цех ашқан. Шикізатты Қытайдан әкеліп, дайын өнім жасайды. Бүгінде аталған құрылыс материалының 5 түрін дайындауда. Алдағы уақытта өңірде бұрын-соңды болмаған өндірісті кеңейтіп, 15 түрлі өнім шығаруды жоспарлап отыр. 

Мейірбек Үсенов, кәсіпкер:

- Бұл негізі біз жақта, біздің төңіректе жоқ бұл. Шымкент, әрі қарай Алматыдан таратылады магазиндерге. Ал магазин, базар бағасынан 2-2 жарым мың теңге төмен, халық тұтынып жатыр. 2-2 жарым мың теңгеден төмендетіп жатса 10 данасын, біреу 50-60 дана алады. Әжептәуір экономдайды ғой. 

Марлен Нұртазаев, Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:

- Таудың қасында тұрғанан кейін бізде материалдар, шикізаттар барлығы арзан болғандықтан бізде осы материалдар өзімізге арзан болып шығады. Осы 6 айлықтың өзінде 1,5 миллард осы шағын кәсіпке кредит алып, қазір өздерін қамтамасыз етіп, кәсіптерін ашып, жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкерлердің ынтасына қарай енді бетбұрыс бар қазір, өндіріске, өңдеуге. 

Жас кәсіпкерлер бұрынғыдай төрт түлік бағу үшін ғана емес, нарық сұранысы мен өңірден шығатын шикізатты пайдалану мүмкіндіктерін де бизнес жоспарларына негіз етіп ала бастаған. Бүгінде аудан бойынша 7 мыңнан астам кәсікерлік нысаны болса, соның 96 пайызы белсенді жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 500 миллион теңгенің кәсіпкерлік жобасына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алу жоспарланып отыр ,-дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев