Павлодар полицейлері мен волонтёрлер күш біріктіреді

Павлодар полицейлері волонтёрлермен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшылары 10-ға жуық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен меморандумға қол қойды. Құжат негізінде ортақ жұмыс жаңа форматта жүргізіледі. Қоғам белсенділері мен тәртіп сақшылары «Сервистік полиция моделі» жобасы аясында ішімдік өнімдерін заңсыз сату, есірткі тарату, тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтарға жәрдемдесу бағыттары бойынша күш біріктірмек. Әсіресе хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге басымдық беріледі. Полицейлер волонтёрлерге қажетті ақпарат беріп, қолдау көрсетеді. Жалпы жыл басынан бері аймақта 38 адам жоғалып кетті. Олардың 34-і еріктілердің көмегімен табылды.

Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Іздестіру жасақтары есірткіге қарсы құрылым мамандарына көмектеседі. Хабарсыз кеткен адамдарды іздестіру шараларына да қатысады. Бұл – халықты алаңдатқан қос мәселе. Меморандум аясында тәжірибе алмасу, ақпаратпен шұғыл бөлісу шаралары да қолға алынады.