Петропавлдағы жаңа ықшамауданда жол мен жарық жоқ

Петропавлда жаңа ықшамауданда осымен 5-ші жыл қатарынан не жол, не жарық, не суағар жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әу баста «бәрі болады» дегенге сеніп, баспана алған халық енді өкініп отыр.

Гүлнәр Қалиева талай жыл кезекте тұрып, былтыр ғана баспаналы болды. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша өзі армандағандай дайын жер үй алды. «Бірақ әкімдік уәде еткендей болмады», - дейді келіншек. Қала шетіндегі кентте басқасын былай қойғанда, жол жоқ.  

Гүлнәр Қалиева, қала тұрғыны:

- Ең бастысы, бізге керегі – жол. Себебі ортаңғы көшеге асфаль салынған. Оның өзі ескі асфальтты қопарып әкеліп, бізге төсей салған ғой. Қалған көшелерде асфальт жоқ. Әкімдікке бір емес, бірнеше рет бардым. Осымен қаланың үшінші әкімі ауысып жатыр. Мен осының мәселесін көтергелі. Не жарық жоқ, не жол жоқ.

Бұл ықшамаудан 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерді. Жазық далаға 200 үй салынды. «Олардың да сапасы сын көтермейді», - деп налиды тұрғындар.  

Александра Рақымқазиева, қала тұрғыны:

- Құрылысшылар сапалы салмапты үйді. Жақсы салмапты. Онысы көрініп тұр. Аңғал-саңғал тесіктеріне дейін бар. Соның бәрін әлгі ваталармен тығындап, сөйтіп, әйтеуір бір қыста ептеп-ептеп соны күнелтіп шықтық. Осылай салуға болмайды. Үкімет осылай сал деп ақша бөлген жоқ шығар деп өзім ойлаймын.

Ықшам ауданның құрылысына республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге жұмсалды. Енді инфрақұрылымы толық тартылмай тұр. Кейбір көшелерге әлі күнге дейін суағар салынбаған.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл ықшамауданның айта-айта жауыр болған тағы бір мәселесі – жарық. Бір қызығы, көшелерге шамдар орнатылған. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бірде-бір рет жанбаған.

Жаңа үйлерді ипотекаға алған адамдар әкімдікке бір емес, бірнеше рет шағымданған. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Әкімдік қызметкерлері: «бәрі кезең-кезеңмен шешіледі», - деп құрғақ уәдемен шығарып салады екен.

Эльмира Сәдуақасова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Жалпы осы «Солнечный -2» кентін инженерлік желілермен қамту үшін 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы 3 жобаның құны 13 млрд теңгеге жуықтайды. Бүгінде осы жобалардың аясында 68,2 шақырып су тарату желісі салынды. 102,4 шақырым электр желісі тартылды  және 37 қосалқы станция орнатылды.

Ықшамауданда қоқыс тастайтын жәшік атымен жоқ. Автобус та дұрыс қатынамайды. Халықтың күні шеттегі жалғыз аялдамаға қарап тұр. Қоғамдық көлік сол жерге ғана тоқтайды.   

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.