Үкіметте Астананы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды

Үкіметте Мемлекет басшысының Астананы дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте шаһарды ауызсумен қамту мәселесі көтерілді. Қазір ұзындығы 44 шақырым су құбырының екінші желісін салу, Тельман сорғы станциясын кеңейту, Сәтбаев каналынан өтетін жаңа су құбырының жобалары мен төртінші сорғы-сүзгі станциясының жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Астананы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, 2030 жылға дейінгі қайта жаңарту бағдарламасын және Көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары туралы баяндады. Биыл елордада автожолдарды салу және жөндеу мен Тәуелсіздік көпірін аяқтау бойынша 30 жоба қолға алынған. Әлихан Смайылов жауаптыларға республикалық бюджетті қалыптастыру мен нақтылау кезінде Астананың басым жобаларын қаржыландыру мәселесін қарастыруды және жыл соңына дейін агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, оны Үкіметке енгізуді тапсырды.