Екібастұз ЖЭО толық жөнделіп жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысы онда алдымен Екібастұз қаласында болып, жергілікті жылу-электр орталығының жөндеу жұмыстарымен танысты. 150 мыңға жуық тұрғыны бар өндірістік шаһар биыл тағы да жылудан таршылық көрмей ме?

Өткен жылдың 27 қарашасы. 150 мыңға жуық халқы бар Екібастұз қаласында жылу құбыры жарылып, 100-ден астам үй жылусыз қалды.

Міне, сол қиын-қыстау кезеңде шыдамдылық танытып, азаматтық белсенділік көрсеткен жергілікті халыққа Президент алғыс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Аталған апаттан кейін жылу-электр орталығында қазандықтар жөнделе бастады.

Жаппай жөндеу жұмыстарына жұмысшылар жаз шыға сала кіріскен. Қазір орталықтағы 10 қазандық қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал, оған жүздеген жұмысшы тартылған. Дегенмен, тұрғындар әлі де алаңдаулы.

Самат Рамазанов, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазіргі уақытта жұмыстар жүріп жатыр енді. Көріп отырмыз. Өзіміз де бақылаймыз. Барып, көріп жүрміз. Бірақ, аяқталатын уақыты әлі шыны керек уайымдап отырмыз. Енді сізден сұрап отырғанымыз соны өзіңіздің бақылауыңызға алсаңыз. Бұл жұмыс жеке бақылауымда болады. Өте маңызды жұмыс. Одан артық не бар?.

Президентпен кездескен тұрғындар қаладағы басқа да мәселелерді көтерді. Мысалы, өндірістік шаһарды абаттандырып, әлеуметтік нысандар салу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орынды сауал. Жалпы Екібастұз – өте керемет қала. Менің өзім жақсы көрем. Бұл қаланы абаттандыру керек. Қамтамасыз ету керек, міндетті түрде. Сондықтан, осындай тапсырманы мен әкімге беріп жатырмын. Бұл түйткілдердің бәрін міндетті түрде шешу керек.

Екібастұз жылу электр орталығына қайта оралсақ. Нысан өткен ғасырдың 50-ші жылдары салыныпты. Сол кезде тартылған құбырлар да әбден ескірген. Былтырғы жағдайдан кейін мамандар, оларды толық тексеріп шыққан. Нәтижесінде көнерген желілер гидравликалық қысымға шыдамай, жүздеген жерден жарылып кеткен. Әкімдіктегілердің сөзінше, содан бері 60 шақырымнан астам қалаішілік құбыр ауыстырылған. Енді жылу магистральдары жаңартылып жатыр.

Роман Скляр, Қр Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Екібастұзда мұндай ауқымды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Сондықтан, биылғы жылыту маусымына толық дайындықпен кіреміз деп нық сеніммен айта аламын. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келесі жылы да 9 млрд теңге бөліп, қалған құбырларды жөндейміз.

Тозығы жеткен қазандықтарды толық жөндеу үшін Үкіметтен 7 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Қазір қалыпқа келтіру жұмыстары шамамен 60 пайызға орындалыпты. Мердігер компания күзге дейін үлгереміз, - дейді. Президент, жағдай жіті бақылауда болатынын ескертті. Әрі жауаптыларға жөндеу жұмыстарын сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. + Тиісті қаражатты бөліп жатырмыз. Енді  жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек.

Айта кетейін, жылу-электр орталығындағы 10 қазандықтың бесеуі биыл мемлекет меншігіне өтті. Себебі, нысанға иелік етіп отырған жеке компаниядан қайыр болмады. Жалпы Қазақстанда осындай жылу орталықтары орташа есеппен 66 пайызға тозған. Кейбірінде бұл көрсеткіш тіпті, 80-нен асып, 90 процентке дейін жетеді. Екібастұздағы сапарында Мемлекет басшысы елдегі экономикалық шешімдерге көңілі толмайтынын жеткізді. Оның ішінде осы энергетика саласы да бар. Сол үшін биыл қыркүйек айындағы Президенттің халыққа Жолдауы осы тақырыпқа арналмақ. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев