Ақтөбедегі жол апатына қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде спортшы балалардың қатысуымен болған жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адам өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Темір ауданынан Ақтөбедегі волейбол жарысына балаларды апара жатқан көлік жолда аударылып, 1 бала көз жұмған. 8 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Айыпталушы сотта кінәсін толық мойындады. Ол бұған дейін жәбірленушілерге келтірілген моральдық зиянды өтеді.

Мираш Жүгінісова, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Сот үкім етті: Нұрбек Айбекұлы Жұмекешов, ҚР қылмыстық кодексі 345-бабының 3-ші бөлігінде көрсетілген қылмыстық жағасаны үшін кінәлі деп  танылсын. Оған 5 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырып,  2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленсін.