Қызылорда облысында инфрақұрылымға басымдық беріледі

Қызылорда облысындағы Қазалы ауданында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Мысалы бір ғана Әйтеке би кентінде 14, ал Қазалы қаласында 15 көше жөнделіп жатыр. Сондай-ақ бірнеше ауылдың да жолдары жаңартылды. Одан бөлек елді мекендердің басым бөлігіне көгілдір отын қосылды.

Қазалыда биыл апатты деп танылған бір мектептің мәселесі оң шешім тапты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық білім ошағы бой көтермек. Дегенмен шешімін күттірген мәселе де жоқ емес. Былтыр пайдалануға берілуі тиіс Әйтеке би кентіндегі мектептің құрылысы әлі жүріп жатыр. 

Талант Шаттықов, мердігер мекеме өкілі:

- Тек қана әрлеу жұмыстары қалып тұр. Құрылғылардың келуі қалып тұр. Жалпы 90%-ке жұмыс бітіп тұр. Заттары жеткілікті, осы оқу жылына үлгереміз.

Аймақ басшысы мердігердің жалғыз осы мектеп емес облыстағы бірнеше нысан құрылысын кешіктіргенін сынға алды. Халық игілігіне бағытталған жобаны жаңа оқу жылына дейін сапалы аяқтауды тапсырды. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Өткен 1-қыркүйекте білім күнінде бәрі күтті ғой жаңа мектепке келеміз деп балалар, ата-аналар, мұғалімдер де. Ал сіздер 1 жыл асып кеттіңіздер. Неге бітпейді, жауапкершілік қайда? Асығыс 20 күннің ішінде бітіреміз деп сапасыз қылып, ертең зардабын халық көріп жүрмесін. Сапа өте жоғары болу керек.

Әрі қарай облыс әкімі Әйтеке би кентіндегі мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Нысанның да пайдалануға беру мерзімі кешіктіріліп жатыр. Одан бөлек Нұрлыбек Нәлібаев Абай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын көрді. Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында толық жөндеуден өтіп жатқан мектептерді аралап шықты. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин