Сарышаған кентінде бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді

Қарағанды облысының Сарышаған кентінде бір күнде бірнеше әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілді.

Ең бастысы, оның құрылысына қазынадан бір тиын жұмсалмаған. Ауыл тұрғындары асарлатып, кенттің 70 жылдық мерейтойына тарту жасапты. Тілші тарқатады.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сарышаған кентінің тыныс-тіршілігін теміржолсыз елестету мүмкін емес. 70 жыл ішінде бірнеше буын дәл осы шойын жолдың бойында тер төкті. Сол ардагерлердің еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін мұнда теміржолшылар музейі ашылды. Жәдігерлердің барлығын жергілікті тұрғындар жинаған.

Серікқұл Тәжиев, ардагер теміржолшы:

- Күллі әкелеріміздің барлығы осы теміржолда істеген. Солардың мұражайын жасап жатыр, оған жастарымызға рахметімізді айтамыз. Ұнап тұр барлығы. Дұрыс мұны жасаған. Тағы да ұлғаяды ғой мұның барлығы.

Сарышағанда туып өсіп, кейін арман қуып әр қалаға кеткен ауыл жастары да мерейтойға тамаша тарту жасады. Өз қаражаттарына «Жастар»  саябағын салып, ел игілігіне берді. Мұнда халық тынығатын орындықтар қойылып, маңайына түрлі жеміс ағаштары егілген.

Шыңтас Мұқашев, Сарышаған кентінің тумасы:

- Ауылға бір сыйлық жасайық деп. Сол осы саябақты сыйлайық дедік балалармен жиналып, ақылдасып. Әрдайым осы саябақты күтіп ұстайды деген ойдамыз. Ауылда баратын жер қалмай қалды. Жастар үйленген кезде, той болғанда осында келіп, қонақтар келсе осында келіп суретке түссін деп.

Сарышағанда қазір 4 мыңнан астам халық тұрады. Жастарды салауатты өмірге бейімдеу үшін ауылда воллейбол, баскетбол алаңы салынды.

Әнуар Тойымбеков, Сарышаған кентінің әкімі:

- Қазіргі таңда бізде қазақ күресі дамып келе жатыр өте. Қазақстан чемпиондары, Азия призерлары бар. Әлі де осы футбол, баскетбол, волейболдан да үлкен дәреже көрсететін жастар шығатынына сенеміз.

Ауыл тұрғындары үшін тағы бір қуаныш, бұл күні мешіт жанынан асхана мен сауат ашу орталығы ашылды. Оның құрылысына да қаражатты халық жинаған. Мерейтойда аламан бәйге, ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті.

Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар