Алматы облысындағы ауылдарды газдандыру көрсеткіші 50%-ға жетті

Елді мекендерге көгілдір отын жеткізу жұмысы жалғасып жатыр.

Мысалы, Іле ауданы, Күрті ауылдық округінің орталығы Ақши ауылына  бес жыл бұрын табиғи газ тартылған болатын. Ауылда мыңнан астам абонент болса,  бүгінде 700-ге жуығына газ кірді. Оның 30-ы әлеуметтік нысан. Алайда, арасында кедергілер де болды. Былтыр  мердігер компания әр үйге газ кіргізу құнын 350 мың теңгеден  450 мыңға дейін негізсіз өсіріп жібереді. Халық наразы болып, біздің арнаға шағымданды. Тілшілердің араласуымен мердігер компания бағаны қайта төмендетті. Қазір Ақши ауылын газдандыру көрсеткіші бүгінде 70 пайызға жеткен.

Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- Халықтың сұрауы бойынша телевидение осы жерге келген. Сол кезде мердігер компаниямыз 450 мыңға ақшаны газды кіргізу құнын көтерген кезде келіссөз жүргеннен кейін 350 мың теңгеге, яғни, о бастағы айтылған тұрақты бағаға түсті. Ол көмегі тиді бізге. Телевидение келіп, осындай жұмыстар жүргізгеннен кейін оның өзі ретіне келді осы уақытта.

Гүлнәр Ахметбаева, зейнеткер:

- Бұрынғыға қарағанда ауылдың тұрмыс жағдайы жақсы. Бұрын от жағатынбыз. Күйе-күйе болып күл шығаратынбыз. Оның өзінде таңнан тұрасың қыста, өте қиын ғой дірдектеп. Ал енді қазір газ кіргелі бері өте жақсы. Қала тұрғындарынен кем емес жағдаймымыз.