Қазақстанда шетелдік университеттің филиалы ашылады

Ақтөбеде «Хэриот-Уот» шетелдік университетінің филиалы ашылады.

Ол қаладағы жоғары оқу орнының базасында жұмыс істейді. Филиал жаңа оқу жылында ашылып, бастапқыда 300 талапкер бірінші курсқа қабылданады. Енді студенттерге «геоинженерия», «электр энергетикасы» және «компьютерлік инженерия» мамандықтары бойынша білім алуға мүмкіндік туып отыр. Мұнда оқу процесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Жалпы бүгінде елімізде 7 шетелдік университет бар. Онда 1500-ден астам қазақстандық студент білім алып жүр.

Бану Нарбекова, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының м.а.:
- Филиалдарды аша отырып, біз өзіміздің елде де халықаралық деңгейдегі білім алуға мүмкіндік беріп отырмыз. Шетелдік профессорларды оқу дәрісіне енгізу, қамту, оның барлығы біріншіден біздің қазақстандық профессорлардың деңгейін көтереді. Себебі олар бір-бірімен тәжірибе алмасады.