Елордада көнерген суағар көп

Жаңбыр жауса, елорда көшелері көлге айналады.

Жаяу жүргіншілер мен жеңіл көлік түгілі, автобустар жүре алмай қалатын жағдайға жетіп отыр.  

Елордадағы мұндай көрініске көз үйренгелі қашан. Бұл - Бауыржан Момышұлы атындағы көше. Жаңбыр жауса, үлкен даңғылды су алып кетеді. Көлігін бүлдіріп алмау мақсатында көпшілік бұл аумақты айналып өтуге мәжбүр.

- 1-2 жыл бұрын мына жерден балалар қайықпен де жүзіп өтті. Ол суды бірден ешкім оны алып кете алмайды.

- Нәтиже шығу керек. Өйткені жылда болып жатыр. Түзеледі деп ойлаймыз алдағы уақытта.

- Екі сағаттың ішінде бұл жерді су басып кетті. Жаңбырдың суынан емес, мынау жоғары жақта біздің үйлердің сулары құдықтан шығып кетті түгел. Содан су басып кетті. Екі сағатта келіп суды сорып алды.

- Жаңбыр көп жауғаннан құбырлар толып қалады. Су ешқайда кетпей, бір орында тұрып қалады. Бұл тек Б.Момышұлы көшесі ғана емес, Министрліктер үйі де суға батады.

Иә, Министрліктер үйінің алды да, Қалдаяқов көшесі де жиі көлге айналатын болды.

Ерлан Жүнісов, Суағар жүйесі және сумен жабдықтау бөлімінің бас маманы:
- Елордадағы суағар жүйесі 1962 жылы салынған. Қаладағы құрылыс жұмыстарының көбеюіне байланысты кәріз құбырлары жүктемеге сай келмей жатыр. 41 пайызының тозығы жеткен. Қазір Нұрлы жол возкалы аумағында ұзындығы 1,7 шақырымға тең коллектор салу жобасы қолға алынды. Тәуелсіздік даңғылының Момышұлы және Тәшенов көшелеріне дейінгі аралығындағы кәріз жүйесі жөнделіп жатыр. Былтыр ұзындығы 2,7 шақырым болатын коллектор салдық.

Ш.Қалдаяқов көшесіндегі коллектор 90 пайызға бітеу. Тазарту керек. Бауыржан Момышұлы көшесіндегі құбыр диаметрі 1000 мм. Бұл аз. Нөсерлі жаңбыр суының көптігін ескерсек, суағар құбырының диаметрі кем дегенде 1400 мм болуы керек. Бас шаһардағы біраз коллектордың құрылысы аяқталған. Бірақ оларды орталық жүйеге қосу жұмыстары әлі жүргізілмей отыр.

Ерлан Жүнісов, Суағар жүйесі және сумен жабдықтау бөлімінің бас маманы:
- Қаладағы көп коллектор жол құрылысы жобалары шеңберінде салынған. Осыған байланысты жобасы аяқталмаған жол учаскелерінің коллектор жүйелері жоқ немесе толық бітпеген. Осындай бөліктерін анықтау және бір-бірімен жалғау жұмыстарын қала әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Elorda Eco System» жүргізіп жатыр.

Алайда аталған компанияға бұл жұмыс бізге тиесілі емес дегенді алға тартады.

Дмитрий Сумара, қала әкімдігінің «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК бөлім басшысы:
- Біз қолданыстағы суағарларды тазартумен және пайдаланумен айналысамыз. Суағарларды жобалау, жалғау немесе жаңасын салу жұмыстары міндетімізге кірмейді. Бұл қалалық басқармалардың қызметі. Бізге суағар құбырларын тазартуға ғана ақша бөледі. Мәселен, биыл 3 млрд теңгеге дейін қаражат жұмсадық.

Осылайша Астанада тозған суағар жүйесі алдағы 7 жылда жаңғыртылады екен. Бірақ Б.Момышұлы, Қалдаяқов және Мәңгілік ел көшесіндегі проблема жыл соңына дейін жойылады деп сендірді әкімдіктегілер. Әліптің артын бағайық.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев, Таир Мерекенов, Мұхамедали Тілдабаев