Экономикалық қылмыс бойынша 20 іс сотқа жолданды

Алматы облысында жыл басынан бері экономикалық қылмыстар жөнінде 50 іс тіркелген.

Оның жиырмасына қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған. Бұл туралы бүгін облыстық Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Нұржан Исмағұлов айтты. Анықталған экономикалық қылмыстардың арасында жалған есеп-шот жасау, электр энергиясын заңсыз сату, бюджет қаражатын жымқыру секілді фактілер бар. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырып, қаржы пирамидасын құрғандар да қолға түскен. Тауарды контрабандалық жолмен жеткізушілер әшкереленіп, жер телімдерін заңсыз саудалаған азамат жауапқа тартылды. Бүгінге дейін экономикалық қылмыс бойынша 20 істің тергеуі аяқталып, 6 миллиард теңге заңды иелеріне қайтарылған.

Нұржан Исмағұлов, ҚР ҚМА Алматы облыстық экономикалық тергеу департаментінің басшысы:
- Бір жауапсыз кәсіпкердің 300 миллион теңгені жымқырғаны анықталып, қамауға алынды. Жасырын схемамен жер телімдерін шаруа қожалығы үшін алып, пайдалану мақсатын өзгерту арқылы шағын учаскелерге бөліп сатқан. Жер телімдерін заңсыз иемдену бойынша шығын көлемі жарты миллиард теңгеге жетеді. Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.