Президент Алматы қаласындағы өрт қауіпсіздігін сынға алды

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, біраз өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.

Атап айтқанда, мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды міндеттеді. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау керектігін айтты. Алматының инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кеткенін айтты. Кезек күттірмес мәселені  шешуді тапсырды. Бұдан бөлек сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені де алаңдатып отыр. Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй тіршілік нәрінсіз қалды. Бұл халықтың орынды наразылығын туғызды. Сондықтан Президент Үкімет пен қала әкімдігіне мердігерлердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау нысанын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Бұған қоса қаланың су шаруашылығына толық тексеріс жасап, гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді және «Балқаш» станциясындағы резервуар мен 4 ұңғыманың құрылысын аяқтауды жүктеді.