«Қазақстан» шахтасындағы конвейр таспасы жақында ауыстырылған

«Қазақстан» шахтасындағы конвейр таспасы өрт болардан бір күн бұрын жаңасына ауыстырылған.

Таспаның дұрыс орнатылмауы төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары мәлімдеді. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті былтыр осы шахтада 170-ке жуық заң бұзушылық анықталғанын айтты. Бүгін тағы бір кеншінің денесі табылды. Екі кенші әлі іздестіріліп жатыр.

 Апат болған шахтада 1500-нан  астам кенші жұмыс істеп келген. Өрт шамамен 650-700 метр тереңдікте тұтанған. Кен орнында ешқандай жарылыс немесе газ метанның таралуы болған жоқ дейді мамандар. Себебі позициялау жүйесі мен дачиктер ондай ақпарат бермеген.

Вадим Басин, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Позициялау жүйесінің арқасында апат кезінде біз қай жұмысшы қай жерде жүргенін көріп тұрдық. Одан кейін жүйе өшіп қалды. Өрт болған жерден оптикалық байланыс токтары өтетін. Кен орнында өзгеде баламалы бақылау жүйелері бар, олар өшпеу керек еді. Бірақ осыған қарамастан біз ақпарат ала алмай қалдық. Табылған мәйіттер позициялау жүйесінің соңғы сақталған ақпаратының негізінде табылды.

Апатқа себеп болған 1,5 шақырымдық конвейр таспасы жақында ғана ауыстырылған. Мұны компания өкілдері айтты. Басқа  шахталардың лентасын да ауыстыру үшін дайындап отырған, 30 шақырымға жуық осындай материалдың барын айтады.

Сергей Огай, "Арселормиттал Теміртау" АҚ тау-кен сегменті бойынша атқарушы директордың орынбасары:

- Жабдықтау дирекциясы тек сертификатталған фирмалармен жұмыс істейді. Ленталар Ресей және Украина елдерінен шығарылған. Негізі стандарт бойынша өнім отқа төзімді болып келеді. Бірақ бір тұтанса қою-қара түтін шығады. Жер астында қалған 5 кеншінің екеуі позицялау жүйесін тексеріп жүрген слесарь еді. Біреуі отқа оранған жерге  жақын маңда  жұмыс жүргізген.

Ал өндірістік қауіпсіздік департаменті былтыр «Қазақстан» шахтасын тексеріп, онда заңға қайшы 168 тұсты анықтаған. Нәтижесінде экономикалық сотқа шағым жазып, олқылықтарды жойғанша кейбір құрылғылардың жұмысына  тйиым салыпты.

Кеңгірбай Есенеев, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департамент басшысы:

- Онда 168-ден астам заңбұзушылық анықталып, заңды тұлға айыппұл түріндегі жауапкершілікке тартылды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел заң бұзушылықтар үшін талап арыз материалдары үш нысан жұмысын тоқтата тұру үшін экономикалық сотқа жіберілген. Компания ескертпелердің тек жартысын жойған. Келесі тексеріс биыл Қыркүиек айында жүргізілуі тиіс еді.   

Компания қаза тапқан кеншілердің отбасынаөтемақы ретінде 10 жылдық айлығын біржола төлеп береді. Баспанасы жоқтар болса үй алып беруге міндетті. Мұнан өзге кәмілет жасына толмаған балалары болса, олар 18-ге келгенше сақтандыру төлемі беріліп отырады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар