Ажа ауылының тұрғындары Мәдениет үйінің құрылысын бастады

Абай облысының Ажа ауылының тұрғындары өз күштерімен Мәдениет үйінің құрылысын бастады.

Береке-бірлігі жарасқан елді мекеннің халқы былтыр футбол алаңын да өздері салып алған болатын. «Мақсатымыз – кішкентай ауылымызды сақтап қалу», - дейді ауыл тұрғындары.

«Туған ауылымның жабылуына жол бермеймін» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген азаматтардың бірі – Ажа ауылының тумасы Қайрат Кенжебаев. Өзі қалада тұрса да, жүрегі әркез ауыл деп соғады.

Қайрат Кенжебаев, Ажа ауылының тумасы:
- Қайда жүрсем де әйтеуір қызық бірдеңе көрсем, біздің ауылды елестетіп тұрамын. Біздің ауылда болса екен деп. Содан былтыр ауыл жігіттерімен ақылдасып, осының жоспарын сызып, ауылдағылар көмектесіп, бірінші ауылдағы кішкентай балалардың жағдайын жасайық дедік. Қаладағы балалардан кем болмасын деп. Қаланың стандартына сай, осындай үлкен алаң. Биіктігі асып тұр десек те болады.

Футбол алаңының салынғанына әсіресе ауылдағы балалар дән риза. «Шынымен де өзімізді қалада жүргендей сезінеміз», - дейді олар.

Бақжол Ербай, оқушы:
- Бұл алаң көптеген аудандарда жоқ. Ол бізде ғана бар. Және де өте үлкен алаң. Мұның биіктігі 9 метр. Ойнағанға өте ыңғайлы. Біз өзімізді қалада жүргендей сезінеміз осы алаңда.

Тілек Ділдәбек, оқушы:
- Біздің кішкентай ауылдың өзінде осындай керемет алаң, мәдениет үйі, сырғанақ бар. Осындай күшті кешендер ашылып жатыр. Бұл біздің өз үйіміз. Осы ауылды өскенде дамытқымыз келеді. Осындай кешендер салып, осы кішкентай ауылымызды көркейтіп, үлкейтіміз келеді.

Былтыр ауылына футбол алаңын салуға бастамашы болған Қайрат Кенжебаев биыл елді мекен тұрғындарына аса қажет ғимараттың құрылысын бастап кетіпті. Бұған дейін ауыл халқы той-томалақ пен қатым өткізу үшін аудан орталығына сабылып жүріпті.  

Серікбек Толғанбаев, Ажа ауылының тұрғыны:
- 200-300 мыңға қатым, тойды сол жақта өткізетінбіз. Ауылдың қол тумасы, осы жерде туып өскен Кенжебаев Қайрат деген азамат былтырдан бері спорт алаңын салды. Осы ауылдың жігіттерімен жиналып, ақша қосып шамаларына қарай. Биыл міне Мәдениет үйін салып жатыр. Бұл игілікті іс деп ойлаймын.

 Әділбек Қауысов, ақсақалдар алқасының төрағасы:
- Мұның бәрі береке-бірліктің арқасы деп ойлаймын. Құрылысқа ешкімді жалдаған жоқпыз. Өз күшімізбен, қолы бос азаматтар келіп, көмегін көрсетіп жатыр. Кім тамағын әкеледі, кімнің қолында қандай күш бар. Балаларға дейін міне осында. Осылай жүзеге асырып жатырмыз.

Ажа ауылының азаматтарының игі бастамасына аудан әкімдігі де қолдау білдіріп отыр.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында биылғы жылы Ажа ауылында Ажаның азаматтары өз қаражаттарына Мәдениет үйін салып жатыр. Құрылысы біткеннен кейін біз оларға штаттық бірлік беретін боламыз. Клубтың жетекшсі, көркемөнерпаздардың жетекшісі дейміз. Жалпы, 4-5 штатпен қамтамасыз ететін боламыз.

Екі жүзден астам тұрғыны бар Ажа ауылындағы мектепте бала саны аз. Білім ордасының жабылуына жол бермес үшін жаңа оқу жылында 25 орындық шағын орталық ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы