Жылдамдықты бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

«Сергектен» кейін «Зергек» қойыла бастады.

Енді қала сыртындағы тас жолдарда «Zerek-2» деген атауы бар бейнекамералар іске қосылады. Ол жылдамдық режимін тексеріп, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Қазірдің өзінде осындай 33 бағдарламалық-аппараттық кешен әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі жүйесімен интеграцияланған. Яғни нұсқамаларды құқық бұзушыларға жіберу автоматты режимде жүзеге асырылады. Айта кетейік, соңғы 7 айда елімізде 7 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 1 200-ден аса адам қаза тауып, 8 500-ге жуығы жарақат алды. Оның ішінде жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300-ден астам адам қаза тапқан.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Бүгінгі таңда «Zerek-2» Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қонаев – Талдықорған және Астана – Павлодар автожолдарында жұмыс атқаруға дайын. Осындай бағдарламалық кешен Көкшетау – Астана тасжолында бұрын іске қосылған болатын және жолдағы құқық бұзушылықтарды тіркеуде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр.