Саяси кеңес құрамы 63 пайызға жаңарды

Шығыс Қазақстан облысында AMANAT партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 17 мектеп, 13 спорт нысанын салу жоспарланған.

Соның арқасында 100 мыңнан астам бала спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің жастармен кездесуінде айтылды.

Қазір партияның өңірлердегі филиалдарының есеп беру сайлау конференциялары өтіп жатыр. Шығыс Қазақстандағы Саяси кеңестер құрамы 63 пайызға жаңарды. Осылайша 1 қалалық және 10 аудандық филиалдағы кеңестер құрамына 82 адам кірді. Оның 16 пайызы – жастар, 34 пайызы – әйелдер. Айта кетейік, облыста 28 мыңнан астам AMANAT мүшесі бар.

Қорлан Туғамбаева, AMANAT партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Қаржылық сауаттылық, кредиттер беру, жұмысқа орналастыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша 4 мыңнан астам жасты қамтитын 71 толыққанды диалог алаңы ұйымдастырылды. Жалпы біздің аймағымызда жастар қанатының жұмысы белсенді жүргізілуде. Осы тамыз айының 14-нен бастап бізде жатақхана мониторингі жұмыстары басталды. Облысымыз бойынша 22 жатақхана студенттерді қабылдайды. Оның ішінде 16-сы жақсы жағдайда, төртеуі орташа жағдайда және екеуі өкініше орай төмен жағдайда болып тұр.